МУА студенттері кикбоксинг медальдарын жеңіп алды
МУА студенттері кикбоксинг медальдарын жеңіп алды

Шынықсаң – шымыр боласың. Бұл тәмсіл Астана медицина университетінің студенттеріне қарата айтылғандай. Дәл бұлай деп айтуымыз негізсіз емес. Таяуда елордада кикбоксингтен NU OPEN-2024 STUDENT KICKBOXING TOURNAMENT сайысы өткізіліп, университетіміздің құрамасы үздіктер қатарынан көрінді.

Аталған жарысқа АстМУ-дің 4 студенті қатысып, 3-уі жүлдегер атанды. Үздік үштіктің есімдеріне тоқталсақ, 86 килода бағын сынаған Стоматология мектебінің студенті Даниал Кеңесов қарсылас шыдатпай алтыннан алқа тақты.

«Әсіресе жартылай финал мен ақтық айқас оңайға түскен жоқ. Өйткені менімен жұдырықтасқан спортшылар халықаралық додаларда атой салып жүрген тәжірибелі шеберлер. Соған қарамастан университетіміздің байрағын биікке көтердім», деп жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті Даниал.

Кикбоксингтің фулл-контакт түрінен ұйымдастырылған жарыста оқу орнымыздың тағы бір дарынды өкілі Жігер Қалымов +86 килода күміс медальді иеленді. Барлық кездесуде оқ бойы дара шыққан шәкіртіміздің тек финалдық жекпе-жекте сәл жолы болмады. Десек те бапкерлер оның болашағынан зор үміт күтеді. Сондай-ақ 67 килода Сирожиддин Равшанбеков қола жүлдені қанжығасына байлады. Бұл ретте жүлдегер спортшыларымыз Стоматология және Педиатрия мектебтерінің білім алушылары екенін айта кетейік.

Тұтастай алғанда, Астана медицина университетінде жастардың спортпен кәсіби тұрғыда айналысуына жан-жақты жағдай қарастырылған. Қазір оқу орынның қызметкерлері мен студенттері түрлі республикалық әрі халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп келеді.

Жоғарыда айтылған кіл мықтылардың сайысына Астанадан бөлек, Алматы, Семей, Қарағанды және Павлодардан келген студенттер қатысты. Осы орайда АстМУ-дің дарынды жастарына алдағы байрақты додаларда тек қана сәттілік тілейміз!