Профилактикалық медицинаның дамуына үлес қосқан қайраткер

Профилактикалық медицинаның дамуына үлес қосқан қайраткер

Профилактикалық медицинаның дамуына үлес қосқан қайраткер

Ұстаз, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Ерболат Дербісәліұлы Дәленовтің өмірден өткеніне бір жыл болды.

Қазір әлем медицинасы өмір сүру ұзақтығын арттыруға ден қойып, осы мәселеде емдеудің озық тәсілдерінен бөлек кез келген ауруды алдын алуға айрықша мән беріп келеді. Профилактикалық медицинада ілкімді іс атқарып, саналы ғұмырын осы бағыттың дамуына арнаған жандардың бірі де бірегейі академик Ерболат Даленов.

Ол медицина ғылымдарының докторы, ҚР Профилактикалық медицина Академиясының академигі, Медицина ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, Нью-Йорк академия ғылымының академигі. Оның қажырлы еңбегі арқылы 700-ден аса ғылыми еңбек жарық көрді. 60-тан астам ғылыми мақала жарияланып, ғылым докторлары мен кандидаттар, PhD докторлары дайындалды. 19 өнертабысының патенті алынды.

«Денсаулықты күту – әр адамның қоғам алдындағы парызы!», деген Ерболат Дербісәліұлы бұл сөзін кейінгі буынға ұлағатты тәлім ретінде қалдырғандай. Майталман маман Қазақстанда Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығын құруға, сондай-ақ «Салауатты өмірді қалыптастыру» атты Үкімет бағдарламасының және «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануына сүбелі үлесін қосты. Ғалым Леонид Тельмен бірге мектеп бағдарламасына арналған биология және валеология оқулықтарын шығарды. Сонымен қатар Астана медицина университетінің алғашқы түлегі ретінде профилактикалық медицинаның академиялық негізін қалап, Қазақстанда аталған бағыттағы бірінші кафедраны ашты. Ал «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақ тағамтану академиясының жанынан Тағамтану проблемалары институтын құрды. Замананың заңғар тұлғасы бұрын Астана медицина университетінің базасында жұмыс істеген Қазақ тағамтану академиясының филиалын басқарып, онда академик Төрегелді Шармановтың жетекшілігімен тағамдық жағдайды бағалау мәселелеріне арналған зерттеулер жүргізді. Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі халықтың тағамдық ерекшеліктеріне бағалау жасады.

Қоғамға еңбегі сіңген қайраткер бірқатар мемлекеттік және салалық наградамен марапатталған. Айталық, «Үздік орта мектеп мұғалімі» байқауының жеңімпазы, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Құрмет» ордені оның атағы мен даңқының бір парасы ғана.

Қазір Астана медицина университетінде былтыр ашылған академик Е.Д.Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының қызметі жолға қойылып, ұлағатты ұстаздың ғылыми зерттеулерін, тұтастай өзі салып кеткен даңғыл жолды шәкірттері жалғастырып келеді. Бұдан басқа тәлімі мол ұстаздың құрметіне ҒЗИ-ның   ұжымы медицинаның профилактикалық мәселелеріне байланысты халықаралық конференцияны өткізуді, медициналық ЖОО-ның қызметкерлері арасында волейболдан турнирді ұйымдастыруды, академик Е.Дәленов атындағы жеке шәкіртақыны енгізуді және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздеп, университет мұражайында студенттерге тақырыптық экскурсияны ұйымдастырмақ ниетте.

Академик Е.Д. Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты Қазақстанда профилактикалық медицина идеологиясын құру мен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуде тиімді тетікке айналды деп айтуға толық негіз бар. Институт құрылғалы бері С.Сейфуллин ат. Қазақ агротехникалық университеті, Nestlé Food Kazakhstan, Central Asia, Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және т.б. еліміздегі жетекші ғылыми ұйымдармен берік байланыс орнады. Бұл институтқа озық технологиялар мен әзірлемелерге қол жеткізуге, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сол арқылы ғылыми зерттеулерге үлес қосуға мүмкіндік берді.

Институт қызметкерлері Қазақстандағы Codex Alimentarius тобының мүшелері болып саналады және мектеп оқушылары арасында созылмалы ауруларды алдын алудың дәлелді тәсілдерін енгізуге арналған жобаға белсенді қатысқанын айта кетейік. Астана қаласының білім басқармасының тапсырысымен ҒЗИ елорданың қоғамдық тамақтану орындарына 4 апталық ас мәзірін әзірлеп берді. Одан бөлек бас шаһардағы мектептерде танымдық іс-шаралар, оның ішінде ғылымға және тағамның жаңа технологияларына деген қызығушылықты арттыру мақсатында зертханалық сабақтар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Институт базасында магистратураға арналған «Нутрициология» және «Геронтология» білім беру бағдарламасы дайындалып, рефлексолотерапия, мануалды терапия, гирудотерапия және тағамтану медицинасы бойынша курстар жолға қойылғанын айта кеткен орынды. 2023 жылы академик Е.Д. Даленов ат. Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірілесіп, «Қазақстанда дәстүрлі медицинаның дамуы және болашағы» атты бірінші республикалық форумды өткізді. Институттың денсаулықты диагностикалау зертханасының базасында «Студенттердің денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды ғылыми негіздеу» жобасын іске асыру шеңберінде студенттердің денсаулығына донозологиялық скрининг жүргізіледі. Сол секілді «Белсенді және салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған медициналық-ұйымдастыру шараларын жетілдіру» жобасы аясында арнайы медициналық топтарға жататын жасөспірімдердің дене дамуының жай-күйі зерттелетінін атап өткен жөн.

Биыл ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының STEPS әдістемесі бойынша инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларының таралуын анықтауға қатысты эпидемиялық зерттеулер жүргізу» ұлттық жобасын іске асыру жоспарланған.

Түйіндей келгенде аталған институт бір жылға толар-толмас уақытта белсенді жұмыс атқарып, ғылыми жобаларды іске асыруға шамамен 70 млн теңгеден артық қаражатты тарта білді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика