Медицина ғылымдарының докторы, профессор Адайбаев Төлеуғали Адайбайұлына 75 жас және ғылыми-педагогикалық қызметіне 50 жыл.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Адайбаев Төлеуғали Адайбайұлына 75 жас және ғылыми-педагогикалық қызметіне 50 жыл.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор  Адайбаев Төлеуғали Адайбайұлына  75 жас және ғылыми-педагогикалық қызметіне 50 жыл.

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.

Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген
- дегендей,

Ұстаз – студент өміріндегі ең маңызды адамның бірі.

Бүгінгі таңда Медицина ғылымдарының докторы, профессор Адайбаев Төлеуғали Адайбайұлына 75 жас және ғылыми-педагогикалық қызметіне 50 жыл толып отыр.

 Төлеуғали Адайбайұлы 1989-1990 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінде тұңғыш қазақ бөлімшесінің ашылуына және дамуына, оқулықтардың дайындалуына, бөлімшенің ғылыми, тәрбиелік, қоғамдық жұмыстарына, сонымен қатар жоғары білікті, бәсекелістікке қабілетті мамандар дайындауда өз үлесін қосты.

        Төлеуғали Адайбайұлы 1990 жылы кандидаттық диссертация қорғады. 2004 жылы медицина ғылымдарының докторы дәрежесін қорғағаннан кейін,    2008 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігі комитетімен профессор атағы берілді. Т.А. Адайбаевтың ғылыми зерттеулерінің бағыты: морфология, иммунология, эксперименттік лимфология және иммуногенез (созылмалы құрсақішілік гипоксия жағдайындағы ұрық пен жаңа туылған нәрестелердің иммундық жүйе ағзаларының иммуноморфологиясы).

        1989-1999 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінің факультет деканының орынбасары, 2005-2012 жылдары Жалпы медицина, Педиатрия факультеттерінің деканы. 1993-2008 жылдар аралығында кандидаттық диссертациялық кеңестің Ғалым хатшысы, 2008-2010 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінің адам анатомиясы, хирургия, фармакология және клиникалық фармакология мамандықтары салаларында кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғаудағы Диссертациялық кеңес мүшесі болды.

        Т.А. Адайбаев Ғылым және білім беру салаларына зор үлес қосқаны үшін, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің ведомстволық марапаттары: 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2012 жылы «Денсаулық сақтау ісінің дамуына қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен, 2022 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, бірнеше рет ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Төлеуғали Адайбайұлы Адайбаев, 2012 жылдан «Астана медицина университеті» КеАҚ А.Б. Аубакиров атындағы адам анатомия кафедрасының профессоры қызметін атқарады.

 

        2007 жылы Төлеуғали Адайбайұлына Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінің «Үздік жетекшісі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атақтары берілді.

        Т.А. Адайбаев 2018 жылы «Астана медицина Университеті» КеАҚ «Үздік оқытушы» номинациясы бойынша лауреат дипломымен марапатталды.

        2019 жылдан М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінің «Құрметті профессоры».

Медицина ғылымдарының докторы Төлеуғал Адайбайұлы педагогикалық шеберлікті және практикалық дағдыларды үнемі жетілдіруде, үлкен шығармашылық жұмыс атқаруының нәтижесінде 26 оқулықтың авторы, соның ішінде Модулді интеграцияланған бағдарлама бойынша 4 оқулық ("Адам анатомиясы" - 2, "Анатомия человека" - 2) – 2016, 2017 жж. және Білім-Ғылым министрлігі бекіткен "Нерв жүйесі" оқу құралы (2018ж), модульдік интеграцияланған оқыту бағдарламасы бойынша 19 оқу құралы (2014-2023 жж.), "Хром интоксикациясы кезіндегі лимфа жүйесі" монографиясы (2008 ж.) және "Адам анатомиясы" электрондық оқулық (2018 ж.) жарық көрді.

Т.А. Адайбаевтың отандық және шетелдік басылымдарында 390-нан астам ғылыми еңбектері жарияланған. Қазақстан Республикасының 2 өнертабысының авторы, 8 медицина ғылымдарының кандидатының, 1 медицина ғылымдарының докторының және 1 магистранттың ғылыми жетекшісі. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, еліміздің медицина дамуына сүбелі үлес қосып жүрген шәкірттері де жетерлік.

Төлеуғали Адайбайұлы Адайбаев және оның шәкірттері белсенді ғылыми және педагогикалық жұмыстарын жалғастыруда көптеген халықаралық конференцияларға қатысты, жүлделі орындарға ие болып университетіміздің беделін көтеруде. Профессор Т.А. Адайбаев Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, «М. Оспанов атындағы БҚММУ» КЕАҚ және «Семей медицина университеті» КЕАҚ студенттері мен оқытушыларына дәріс оқып, тәжірибесімен үнемі бөлісуде.

        Т.А. Адайбаев жолдасы Тағыбергенова Ғалия Өмірзаққызы (Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер-педиатр) екеуі үш бала тәрбиелеп, жеті немеренің ата-әжесі. Балалары елімізге еңбегі сіңген азаматтар, медицина саласына да зор үлес қосуда.

Ардақты ғалым, ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер профессор Адайбаев Төлеуғали Адайбайұлын 75 жасқа толуымен және ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ шығармашылық ғұмыр, ізгі бастамаларына сәттілік пен табыс тілейміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай атамыз айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Бәрімізге қоғам мен адамдарға адал қызмет етудің үлгісі болып, жүзіңізден нұр таймай, арамызда жүре беруіңізді тілейміз!.

 

 

«Астана медицина университеті» КеАҚ

А.Б. Аубакиров атындағы адам анатомия

                                                                         кафедрасының ұжымы.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика