ASTANA MEDICAL FORUM 2024 КОНФЕРЕНЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЕКІ ОЗЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

ASTANA MEDICAL FORUM 2024 КОНФЕРЕНЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЕКІ ОЗЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

ASTANA MEDICAL FORUM 2024 КОНФЕРЕНЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЕКІ ОЗЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы бойынша тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары – еліміздегі сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Бүгінде COVID-19 пандемиясы мен маусымдық инфекциялардың өршуі пульмонологиялық көмекке деген қажеттілікті арттырса, аритмия жағдайларының көбеюі жүрек ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа шешімдерін талап етеді.

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде, Астана медицина университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан «Astana Medical Forum 2024» халықаралық конференциясында екі жаңа ғылыми-зерттеу институты – Тыныс алу медицинасы мен жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институттары ресми түрде ашылды. Аталмыш институттардың іске қосылуы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге, медициналық қызметтің сапасын жақсартуға және әлемдік стандарттарға сай келетін ғылыми зерттеулерді дамытуға деген ұмтылысты айқындайды.

Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институты жүрек-қан тамырлары ауруларымен күреске бағытталған, себебі бұл дерттер Қазақстанда ғана емес, әлемде де өлім-жітімнің жетекші себептері қатарында. Институттың басты міндеттеріне аритмология саласындағы зерттеулер жүргізу, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу және жоғары білікті мамандар даярлауға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту жатады. Институт аритмияны емдеудің жаңа тәсілдерін жетілдіруге ықпал етеді, оның ішінде навигациялық карталау және заманауи құрылғыларды имплантациялау технологияларын қолдану қарастырылған.

Тыныс алу медицинасы институты республикадағы тыныс алу ауруларымен күреске бағытталған. Институт елдегі пульмонологиялық қызметті ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдауды қамтамасыз етеді. Оның негізгі мақсаты — трансляциялық зерттеулерді дамыту, кадрларды даярлау жүйесін нығайту және телемедицина арқылы тыныс алу ауруларын диагностикалау мен емдеуде заманауи технологияларды енгізу.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастамаларға жан-жақты қолдау көрсете отырып, ұлттық медицинаны дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Екі институт та халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулерге белсенді атсалысуға ниетті. Бұл Қазақстанның ғылыми және білім беру әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге таптырмас мүмкіндік береді.

Тыныс алу медицинасы мен жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институттарының ашылуы Астана медицина университетінің халық денсаулығын жақсартуға және отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесін көрсетеді. Университет өз жетістіктерін сақтап қана қоймай, оларды одан әрі нығайтуға және арттыруға ұмтылысын дәлелдеп отыр.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика