Бүгін Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған «Astana Medical Forum 2024» ауқымды халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Алты онжылдық ішінде университет бүкіл Қазақстан бойынша және шетелдерде жұмыс істейтін 30 мыңнан астам маманды даярлап, отандық медициналық білім берудің флагманына айналды.
Ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Премьер-Министр кеңесшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен серіктес Түркия, Ресей, Өзбекстан мен Еуропа елдері университеттерінің өкілдері қатысты.
Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров айтулы күн стратегиялық жоспарлауға стимул болғанын ерекше атап өтті: «Біздің университет шағын институттан Қазақстанның жетекші медициналық білім ордасына айналды. Біз Мемлекет басшысы белгілеген кадр тапшылығы жағдайында, медициналық білім беру сапасын арттыруға күш саламыз және аталмыш форум денсаулық сақтау саласының болашағы үшін тәжірибе алмасу мен түйткілді мәселелердің түйінін шешу үшін жыл сайынғы алаңға айналмақ».
Форум 12 елден жиналған 2000-нан астам қатысушыларды, соның ішінде жетекші ғалымдарды, практиктерді және үкімет өкілдерін біріктіреді. Екі күн ішінде медицина ғылымының, білім беру және денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған: цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, жаңа кадрларды даярлау және диагностика мен емдеудің озық әдістері секілді негізгі міндеттер талқылайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан Президентінің атынан университет ұжымына құттықтауын жеткізіп, еліміздің өңірлерінде жоғары сұранысқа ие түлектер деңгейін атап өтті. Салтанатты шара барысында министр құрметті ұстаздар мен ғалымдарды медальдармен марапаттады:
«Астана медициналық университетінің жарқын болашағы жаңа емдеу орталықтарының дамуы, инновациялық ғылыми зерттеулер жүргізуі және елорда тұрғындарының денсаулығын сақтауға белсенді атсалысуымен тығыз байланысты», - деді министр өз сөзінде.
Салтанатты шара барысында жаңа дәстүрлерді құруға ерекше көңіл бөлініп, профессор Салидат Қайырбекова атындағы шәкіртақы тағайындалды. Оның алғашқы жеңімпазы – 3-курс студенті Малика Айбекқызы атанды.
Форум аясында екі жаңа: Тыныс алу медицинасы институты және Жүрек ырғағы институтының салтанатты ашылуы өтті. Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтының ашылу салтанатына Ресей ғылым академиясының академигі Сергей Попов қатысты. Оның оқу орнымыздың дамуына сіңірген еңбегін ескере отырып, Астана медицина университетінің «Құрметті профессоры» мантиясы табыс етілді.
Сондай-ақ университет бастамаларын қолдаған серіктестер ынтымақтастық пен одақтастықтың символы – «Достық» медалімен марапатталды.
«Astana Medical Forum 2024» тағы бір ауқымды іс-шарасы – студенттік стартаптар байқауы мен жас ғалымдар форумы болмақ. Бұдан бөлек, елорданың жетекші клиникаларында халықаралық сарапшылардың мастер-класстары мен семинарларының, панельдік сессиялар мен дөңгелек-үстелдердің өтуі жоспарлануда.
«Astana Medical Forum 2024» ғылым, білім және денсаулық сақтау саласын біріктірудегі жаңа бағыттарды қалыптастыратын, Қазақстандағы медициналық білім мен тәжірибені дамытудағы маңызды алаңға айналатыны сөзсіз.