2024 жылғы 15-28 қараша аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Астана медицина университеті» КЕАҚ медицина құқығы және этика кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Тлембаева Жанна Урумбасарқызы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Жалпы медицина» мамандығының 5-курс студенттеріне тәжірибелік сабақтар өткізді. Бұл іс-шара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асырылды.
Сапар барысында профессор Тлембаева Ж.У. «Медицина құқығы» пәні бойынша мынадай тақырыптарда тәжірибелік сабақтар өткізді: «Медицина құқығы субъектілері», «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбек құқықтары», «Пациентке зиян келтіру салдарынан медицина қызметкерлерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі», «Медициналық ұйымдардың, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілігі», «Медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігі: түрлері мен жазалау шаралары». Тәжірибелік сабақтарда кейс-технологияларды қолдану студенттерге медициналық көмекті тиісінше көрсетпеу және медицина қызметкерлерінің басқа да кәсіби және қызметтік құқықбұзушылықтарын құқықтық бағалау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, профессор Тлембаева Ж.У. студенттерге «Медициналық қызметті әлеуметтік реттеу жүйесіндегі медицина құқығы», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы» тақырыптарында дәрістер оқыды. Дәрістер студенттердің қызығушылығын тудырып, қызу талқылауға себеп болды.
Сондай-ақ, КазҰМУ медициналық құқық кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Богатырева Лидия Башировна бастаған кафедра оқытушыларымен болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктері, бірлескен зерттеу жобаларын ұйымдастыру, тәжірибе мен білім алмасу, сондай-ақ бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы университеттерге өңіраралық байланысты кеңейтуге, жоғары оқу орындарының оқытушыларына тәжірибе алмасуға және кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік береді.