1-2 ақпан аралығында Қарағанды қаласында "Meduse" VI республикалық теориялық-практикалық олимпиадасы өтті. Жарысқа Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орындарынан алты команда қатысты. Болашақ дәрігерлер арасындағы додада бірінші орынды Астана медицина университетінің KazMSA студенттік ұйымының өкілдері жеңіп алды.
Қарағанды медициналық университетінің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған Олимпиада екі негізгі кезеңнен тұрды:
Medical QuizPlease форматында өткен теориялық кезең жеті раундтан тұрды. Онда қатысушылар медицина тарихы мен оған байланысты пәндер бойынша іргелі білімдерін, клиникалық ойлауын, сондай-ақ эрудициясын көрсетті.
Практикалық кезең ОҚКЕ (объективті құрылымдық клиникалық емтихан) 10 станциясын қамтыды. Бұл жарыс кезінде студенттер симуляциялық орталықта әртүрлі клиникалық сценарийлер бойынша шұғыл көмек көрсету дағдыларын пысықтады.
Біз студенттерімізді құттықтап, оларға жаңа кәсіби жетістіктер тілейміз!