Астанадағы «Гастроэнтерология 2025» конгресі: түйінді қорытындылар

Астанадағы «Гастроэнтерология 2025» конгресі: түйінді қорытындылар

Астанадағы «Гастроэнтерология 2025» конгресі: түйінді қорытындылар

28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Астанада «Гастроэнтерология 2025» халықаралық қатысумен Конгресс өтті. Іс-шараға отандық жетекші мамандар, зерттеушілер мен медицина қызметкерлері қатысты. Іс-шараны Астана медицина университеті мен гепатологиялық және гастроэнтерологиялық бейіндегі мамандар қоғамы ұйымдастырды.

Университет проректоры Виталий Койков іс-шараны аша отырып, гастроэнтерологиядағы ғылыми зерттеулер мен инновациялардың маңыздылығын атап өтті:

«Медицина үнемі дамып келеді, гастроэнтерология да бұл үрдістен тыс қалмайды. Жаңа зерттеулер мен технологиялар бізге асқазан-ішек ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу үшін көбірек мүмкіндіктер ашады. Бұл конгресс – жетістіктерді, сондай-ақ жақын болашақта біздің алдымызда тұрған сын-қатерлер мен перспективаларды талқылауға арналған алаң».

«Гепатологиялық және гастроэнтерологиялық бейіндегі мамандар қоғамы» ҚБ төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, «Астана медицина университеті» КеАҚ ішкі аурулар кафедрасының профессоры Венера Рахметова құттықтау сөзін айтты. Ол қатысушыларға іс-шараға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, Конгресс гастроэнтерология және гепатология саласындағы дәрігерлерді, ғалымдарды және жетекші мамандарды біріктіретінін атап өтті.

Венера Саметқызы Астана медицина университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орны болып табылатынын және резидент-гастроэнтерологтарды даярлайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ Конгресті өткізуде ҚР Денсаулық сақтау министрлігін қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, біліктілікті үнемі арттырмайынша сапалы медициналық көмек көрсету мүмкін емес екенін айтты.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, асқазан-ішек жолдары аурулары елдегі өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында. Осыған байланысты Конгресс тәжірибе алмасу, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін талқылау және ауру деңгейін төмендету жолдарын іздеу алаңына айналды.

Конгресс қатысушылары гастроэнтерологияның негізгі аспектілерін, соның ішінде асқазан-ішек жолдарының ауруларын айқындау мен емдеудің заманауи әдістерін, гастроэнтерология мен гепатологиядағы жаңа технологияларды, медициналық зерттеулердегі инновациялық тәсілдерді, патологиялардың алдын алу және ерте диагностикалау мәселелерін, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Конгресс қонақтары ғылыми баяндамалардың жоғары деңгейін, мазмұнды пікірталастарды және ұсынылған зерттеулердің тәжірибелік маңыздылығын атап өтті. Өзекті мәселелерді талқылау мен емдеудің озық әдістерін енгізу асқазан-ішек аурулары бар науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика