Жыл сайын бір келетін айлардың сұлтаны – Рамазан айы барша мұсылман қауымға мүбәрак болсын! Ата-баба дәстүріне негізделген, жат ағымдардың шылауында кетпеген шынайы исламдық сенімдегі жандардың дұға-тілектері мен ізгі құлшылықтарының негізінде еліміз тыныш.
Рамазан оразасы таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден ғана тиылудан тұрмайды. Бұл айда нәпсіні тұсаулап ұстауға, жаман, кесірлі әдеттерден айырылуға мүмкіндік жасалған. Адам тек физиологиялық тазару, жаңару ғана емес, рухани тұрғыдан да кемелденеді. Ауыз бекіткенде бұрын тойғанша ішіп-жеп жүрген адамның холестерин тұтынуы мен күретамыр қысымы төмендеп, салмақ азайып, биохимиялық өзгерістер болады.
Оразада ағзаның сусыздану қаупін болдырмас үшін күн батқаннан таң атқанша 1,5-2 литр су ішу қажет. Құнарлы тамақтарды көп тұтынып, шөлдететін тамақтардан бас тартқан жөн. Аштық сезімін тудырмас үшін тез қорытылатын тамақты тойып жемеген дұрыс. Ұзақ қортылатын тағамға тәңертең жасымық не асбұршақ сорпасын ішкен жақсы. Ауыз ашқан соң никотин, кофеин, тәтті сияқты асқазан-ішек жолы мүшелерінің тіндерін тітіркендірмес үшін бұл заттардан бас тартыңыз. Қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі, жүрек аурулары, гастроэнтерология секілді ауруға шалдыққандар ораза ұстауға болмайды.
Ал енді мұсылман баласының бес парызының бірі ораза ұстаудың артықшылықтары мен кереметтері туралы бірнеше деректі хадисті келтірелік.
Ауыз бекіткен адам сәресін таңғы намазға 10 минут қалғанда тоқтатады да, күн ұясына батқанға дейін ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан, жаман әдеттен тартынып, нәпсісін жеңіп жүруі шарт.
Оразаның бір бөлігі саналатын ашығу процесінің адам ағзасына пайдасы шексіз. Бұл жағдайды медицина, биология және зиялы тәжірибе дәлелдейді. Оның кейбіріне төменде тоқталдық:
1. Денеде жиналып қалған токсиндер, артық май, қажетсіз заттар сыртқа шығарылады. Ағзаның қорғаныш жүйесі күшейеді, иммунитетке жауап беретін жасушалардың құрамы жаңарады.
2. Бүйрекке тас байланудың алдын алады. Қанда көбейген натрий кальций байлануына (тас байлануына) бөгет болады.
3. Зат алмасу процесі белсенді жүретіндіктен, семіздік дертінен сақтайды. Тері астына жиналған май қатпарларын ыдыратады.
4. Қандағы жыныстық гормондардың мөлшері азайып нәпсіқұмарлық та азаяды.
5. Ораза ұстаған адамның ас қорыту жүйесі демалады. Ауыз ашқанда қабылдаған тағам толықтай сіңіріліп кетеді.
6. Ораза ерлердің бел күшін, әйелдердің бала көтеру қабілетін арттыра түседі.
7. Күні бойғы сұйықтықтан тартыну адамның еске сақтау қабілетін жақсартады. Өйткені ауру, әлсіз жасушалар толықтай жойылады да, оның орнына жаңа сау жасушалар барлық қуатты еселей түседі.
8. Бір ай бойы барлық күпірліктен бойын аулақ салған пәк адам Алласына сиыну арқылы тәні мен жанын қатар жаңартып, ерекше шаттыққа бөленеді.
Бағай Назарбайұлы,
Академик Е.Д. Дәленов атындағы
профилактикалық медицина
ғылыми-зерттеу институты