2025 жылғы 12 наурызда Астана медицина университетінің Травматология және ортопедия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Тимур Нұржанұлы Тұрғымбаев өмірден озды. Бұл бүкіл медициналық жұртшылық, әріптестер, студенттер мен пациенттер үшін орны толмас шығын.
Тимур Нұржанұлы өз өмірін медицинаға, ғылымға және болашақ дәрігерлерді оқытуға арнады. 2003 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясын бітіріп, содан кейін Н.Н. Приоров атындағы Орталық травматология және ортопедия институтында (Мәскеу, РФ) клиникалық ординатура мен аспирантурадан өтіп, 2010 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Қазақстан, Ресей және Германияның үздік клиникаларында оқыту мен тәжірибе оны жоғары білікті маман ретінде қалыптастырды.
2010 жылдан бастап Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп, резидент-дәрігерден инновациялық технологиялар бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті. Кейін ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында еңбек етті. 2015 жылдан бастап Астана медицина университетінде сабақ беріп, 2018 жылдан бастап Травматология және ортопедия кафедрасының доценті м.а. болып қызмет атқарды.
Тимур Нұржанұлы отандық ортопедияның дамуына елеулі үлес қосты. Ол 20-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы, жамбас буынын эндопротездеу үшін цементсіз бекітудің ацетабулярлық компонентін әзірлеуге патент иегері, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасады. Оның клиникалық қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің алғыс хатымен атап өтілді.
Әріптестері мен студенттері оны жауапты, принципті және өз ісіне берілген маман ретінде есте сақтайды. Оның энергиясы, білімі, жетілдіруге деген ұмтылысы көптеген адамдар үшін үлгі болды. Ол тек емдеп қана қоймай, білім берді, шабыттандырды және қолдау көрсетті.
Тимур Нұржанұлы туралы жарқын естелік онымен жұмыс істеп, оқып, дос болғандардың жүрегінде мәңгі қалады.
Біз отбасына, достарына және әріптестеріне терең көңіл айтамыз.