2025 жылғы 3-14 наурыз аралығында KazMSA ұйымынан SCOPE академиялық ұтқырлық және кәсіби алмасу бағдарламасы аясында Астана медицина университетінде Сербиядан келген студент тағылымдамадан өтті. Ш.И. Сарбасова атындағы Микробиология және вирусология кафедрасында Katarina Kuzmanovski медицина факультетінің 4 курс студенті білім алды.
Тағылымдама бағдарламасы бактериялардың морфологиясы мен физиологиясы, инфекция механизмдері, иммундық жауап, бактериялық және вирустық аурулар сияқты негізгі тақырыптарды қамтитын медициналық микробиологияны терең зерттеуді көздеді. Профессор Гүлжан Асемова, аға оқытушы, магистр Мадина Ботбаева және оқытушы Әйгерім Сарсенованың жетекшілігімен өткен тәжірибелік сабақтар студентке микробиологиялық материалдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді.
Тағылымдама барысында Катарина микроскоп арқылы үлгілерді зерттеп, бактериялар мен вирустардың морфологиялық ерекшеліктерін қарастырды; микроорганизмдерді сәйкестендірудің заманауи әдістерін және жұқпалы ауруларды диагностикалау принциптерін игерді; "Mind Map" және анықтамалық сигналдарды өзіндік жұмыс нысаны ретінде дайындау әдістемесімен танысты.
Бағдарламаның ерекше кезеңі – қалалық көпбейінді аурухананың №1 микробиологиялық зертханасына ұйымдастырылған экскурсия болды. Онда бактериолог-дәрігер, б.ғ.к., доцент С.К. Бисимбаева зертхана жұмысының принциптері, патогендік бактерияларды өсіру әдістері және оларды Vitek жүйесі арқылы сәйкестендіру процестері туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Сонымен қатар, қонақ медицина мектебінің 365 тобының құрамында ағылшын тіліндегі клиникалық микробиология сабақтарына қосылды. Ол командалық талқылауларға белсенді қатысты, кәсіби байланыстарын кеңейтті және қарым-қатынас дағдыларын жетілдірді.
Қорытынды сабақта кафедра меңгерушісі М.О. Дусмагамбетов сербиялық студентке тағылымдамадан сәтті өткенін растайтын арнайы сертификат табыс етті. Katarina Kuzmanovski кафедра оқытушылары мен қызметкерлеріне жылы қабылдағаны, оқытудың жоғары деңгейі және зертханада практикалық тәжірибе алу мүмкіндігі үшін алғыс білдірді.