Елдің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының студенттері қазақ халық медицинасының даму перспективаларын талқылады
Елдің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының студенттері қазақ халық медицинасының даму перспективаларын талқылады

Іс-шараға Қарағанды медициналық университетінің морфология кафедрасының профессоры Наурызов Н.Н. мен ассистент-профессор Қайырбекова К.К. жетекшілігіндегі 3-курс студенттері, сондай-ақ Астана медициналық университетінің А.Б.Аубакиров атындағы адам анатомиясы кафедрасының профессоры Сүлейменова Ф.М. және аға оқытушы Сағымова Г.К. кураторлығымен қатысқан Медицина мектебінің студенттері белсенді атсалысты.
Қазақ халық медицинасының қазіргі таңдағы рөлі талқыланған кезде қатысушылар оның бай ғасырлық тарихын атап өтті. Олар 2010 жылы Алтай медициналық колледжінде Қазақ халық медицинасы факультетінің, ал 2011 жылы Қытайдағы Синьцзян университетінде Қазақ халық медицинасы кафедрасының ашылғанын, оқулықтардың жарық көргенін мысал ретінде келтірді. Сондай-ақ Қытайдың Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтық және аудандық орталықтарында «Қазақ халық медицинасы» бағытында емханалар мен ауруханалар ашылғаны, жеке медициналық орталықтардың пайда болғаны айтылды. Кейбір мемлекеттік ауруханаларда «қазақ медицинасы бөлімшелері» ашылған. «Синьцзян қазақ халықтық дәрілік құралдарын зерттеу орталығы» құрылған. 2014 жылы қазақ медицинасы Қытайда «алтыншы ұлттық медицина» ретінде тіркеліп, мемлекеттік сәйкестік сертификатын алған.
Сонымен қатар, фитотерапия, акупунктура, тамыр соғысы бойынша диагностика, сүйек салу, массаж, табиғи емдеу әдістері секілді негізгі бағыттар қамтылып, қазақ халық медицинасының көрнекті өкілдері — әл-Фараби, Өтебойдақ Тілеуқабылұлы, Құртқа Сұлтанқожаұлы сынды ғалымдар еске алынды.
Бұл кездесу-талқылау Қазақстанда қазақ халық медицинасы бойынша зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуге, оның даму перспективаларын анықтауға және оны халықаралық деңгейге шығаруға айтарлықтай үлес қосады.