Астана медицина университетінің резидент-пульмонологтары 200-ден астам елорда тұрғынын тексеруден өткізді
Астана медицина университетінің резидент-пульмонологтары 200-ден астам елорда тұрғынын тексеруден өткізді

5–6 мамыр күндері Дүниежүзілік демікпеге қарсы күрес күні аясында Астана медицина университетінің резидент-пульмонологтары бронх демікпесімен ауыратын елорда тұрғындарына арналған ақпараттық шара өткізді.
Екі күн ішінде қаланың 8 емханасында 250 адам тексеруден өтті. Олардың бронх демікпесін бақылау деңгейі анықталып, тиісті ұсыныстар көрсетілген қорытынды берілді.
Бұдан бөлек, учаскелік дәрігерлерге (терапевтер, педиатрлар, пульмонологтар және т.б.) бронх демікпесін диагностикалау, емдеу және бақылау мәселелері бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Білім беру жұмысына тәжірибелі пульмонологтар, профессорлар мен доценттер атсалысты: медицина ғылымдарының докторы, профессор Айнабекова Б.А., м.ғ.д. Латыпова Н.А., м.ғ.к. Гаркалов К.А., м.ғ.к. Трофимова С.В. Нәтижесінде шамамен 150 медицина қызметкері қосымша білім мен практикалық дағдыларға ие болды.
Шараны Респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институты және гастроэнтерология, эндокринология және пульмонология курстары бар ішкі аурулар кафедрасы ұйымдастырды.
Демікпе — әлем бойынша 260 миллионнан астам адам зардап шегетін, жыл сайын 450 мыңнан астам өлімге себеп болатын ең көп таралған созылмалы жұқпалы емес аурулардың бірі. Бұл өлімдердің басым бөлігінің алдын алуға болады.
Қазақстанда демікпеге шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Егер 2017 жылы бұл көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 73,4 болса, 2024 жылы — 109-ға жеткен.
Демікпені толық емдеу мүмкін болмаса да, пациенттерді дұрыс бақылау арқылы дәрігерлер аурудың өршуіне жол бермей, оны тиімді басқаруға қол жеткізе алады.