«Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттеріне арналған семинарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Жаннұр Мұханғали өткізді.
Іс-шара осы жылы наурыз айында Қор мен университет арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Үш күндік оқыту барысында қатысушылар МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсетудің негізгі механизмдерімен танысты. Сондай-ақ сақтандырылған тұлғалармен тиімді кері байланыс орнату жолдары және азаматтардың өтініштеріне жауап беру алгоритмдері қарастырылды.
Қор өкілі мемлекет есебінен медициналық көмек алатын 15 азамат санатын да еске салды. Олардың қатарына студенттер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен басқада әлеуметтік осал топтар кіреді.
Болашақ денсаулық сақтау саласының мамандары көптеген сұрақтар қойып, пікірталас еркін әрі ашық диалог форматында өтті. Қордың құрылымы, жұмыс форматы, МӘМС пен ТМККК жүйесін цифрландыру және қорда жұмыс істеу мүмкіндіктері – талқыланған мәселелердің бір бөлігі ғана.
Семинар қорытындысы бойынша 15 студент МӘМС саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, кеңесші сертификаттарына ие болды.
Университет алдағы уақытта осындай оқыту семинарларын тұрақты түрде өткізіп, студенттердің кәсіби дамуына қосымша мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.