Астана медицина университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған «Көп нұсқалы тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптау әдістемесі» тақырыбында оқыту семинары өтті. Семинардың мақсаты – медициналық білім берудің заманауи стандарттарына сай сапалы бағалау материалдарын қалыптастыруда оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Семинардың лекторы – ҰТЕО Білім мен дағдыларды бағалау басқармасының басшысы, оқу жетістіктерін бағалау және теориялық білім мен практикалық дағдыларды тексеру құралдарын әзірлеу саласындағы сертификатталған сарапшы Күлшара Досмамбетова.
Іс-шара интерактивті форматта, кейс-әдістерді, топтық жұмысты және тест тапсырмаларының нақты үлгілерін талдауды қолдану арқылы өткізілді. Қатысушылар теориялық білімді бағалау сұрақтары мен құралдарын тәжірибе жүзінде әзірлеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, оқытушылар білім алушылардың білімін тексеру барысында жиі кездесетін өзекті мәселелерді талқылады.
Семинар барысында тыңдаушылар келесі маңызды тақырыптарды жан-жақты қарастырды: көп нұсқалы тест тапсырмаларын (Multiple Choice Questions, MCQ) құрастыру принциптері, тест тапсырмаларын әзірлеуде жиі кездесетін қателіктер және оларды жою жолдары, тест сұрақтарының валидтілігі мен сенімділігін ескере отырып сараптама жүргізу әдістемесі және т.б.
Осындай семинарлар өткізу – университеттің білім беру процесінің сапасын арттыру және медициналық кадрларды даярлау ісінде халықаралық стандарттарға сәйкес болу жөніндегі стратегиялық бағытының маңызды бөлігі болып табылады.
Семинар соңында 50 оқытушыға сертификаттар табысталды.