2025 жылғы 3 маусымда Астана медицина университетінде 225 шетелдік түлекке диплом тапсыру салтанаты өтті. Бұл оқиға бесінші курс студенттері – болашақ дәрігерлер үшін кәсіби жолындағы маңызды кезеңнің аяқталуын білдіреді.
Іс-шара университет өмірі туралы бейнероликпен ашылды, онда студенттік күнделікті өмір, ғылыми жетістіктер мен ортақ жеңістер көрсетілді. Келесі кезекте университет ректоры Анар Турмухамбетова түлектерге арнап құттықтау сөз сөйледі:
«Дәрігер болу – ерекше құрметке лайық таңдау. Бұл – қызмет ету, жанашырлық, кәсібилік және үздіксіз білім алу жолы. Сіздер осы жерде алған білімдеріңізді мақтанышпен алып жүріп, оларды қай жерде болсаңыздар да игілікке пайдаланасыздар деп сенемін. Біздің университетті таңдағандарыңыз, адалдықтарыңыз, достығыңыз және ортақ үйімізге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді ректор.
Сондай-ақ ректор оқу мен университет өміріне белсенді қатысқан түлектерге арнайы үлгідегі дипломдарды табыстады.
Салтанатты рәсім университет проректоры Виталий Койковтың, мектеп декандарының, оқытушылар мен кафедра меңгерушілерінің қатысуымен жалғасты. Олар осы жылдар бойы студенттердің білім алуына жетекшілік етіп, осы күні түлектерге көпжылдық бірлескен еңбектің нәтижесі ретінде дипломдарын табыстады.
Мереке жарқын би нөмірлері мен поэтикалық қойылымдармен сүйемелденіп, ерекше жылы атмосфера қалыптастырды. Эмоциялық сәттердің бірі – ата-аналардың бейнеқұттықтауы мен түлектердің алғыс сөзі болды, онда олар оқытушыларға қолдауы, білімі және төзімі үшін алғыс білдірді.
Астана медицина университеті үшін ағылшын тілінде оқытылатын топтардың оқу бітіруі – бұл тек оқу циклінің аяқталуы ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі дәрігерлерді даярлауға қосқан үлес. Алынған диплом түлектерге кәсіби медициналық ортаға жол ашады, онда олар алған білімдерін қолдана алады. Шетелдік студенттер университетті мәдениетаралық алмасу және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту алаңына айналдырады.