Санкт-Петербург қаласында И.И.Мечников атындағы Солтүстік-Батыс мемлекеттік медицина университетінің базасында академик А.А.Кашкиннің 100 жылдығына арналған медициналық микробиология бойынша IX Бүкілресейлік конгресс өтті.
Іс-шара Ресейдің, ТМД елдері мен Еуропаның жетекші микробиологтарын, иммунологтарын және микологтарын біріктірді. Қатысушылар медициналық микробиология, иммунология және клиникалық микологияның негізгі бағыттарын – инвазивті және үстірт микоздарды диагностикалау мен эпидемиологиясынан бастап емдеуге дейін – талқылады.
Астана медицина университетінің Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасы атынан Конгресс жұмысына қатысты:
· Дусмагамбетов М.У. – медицина ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі;
· Бисенова Н.М. – биология ғылымдарының докторы, кафедра профессоры;
· Дусмагамбетова А.М. – медицина ғылымдарының кандидаты, кафедра профессоры;
· Байдуйсенова А.У. – медицина ғылымдарының кандидаты, кафедра профессоры;
· Утегенова А.М. – медицина ғылымдарының кандидаты, доцент-зерттеуші;
· Сутимбекова Н.С. – PhD докторант;
· Ықтияров А.А. – PhD докторант.
Сонымен қатар, Марат Дусмагамбетов «Туберкулез: көпфакторлы көзқарас» атты симпозиумның модераторы болды. Профессор «Candida spp. тектес саңырауқұлақтардың түрлік құрамы және туберкулезбен ауыратын науқастардан бөлініп алынған изоляттардың антимикотиктерге сезімталдығы» тақырыбында ауызша баяндама жасап, Ресей мен шетелдік мамандардың, оның ішінде РФ Денсаулық сақтау министрлігінің фтизиопульмонология және инфекциялық аурулар орталығы сарапшыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Баяндаманың нәтижесінде кафедра мен Ресейдің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының микробиология кафедралары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен кәсіби байланыстар орнатылып, кафедра бағытындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыру бойынша алдын ала келісімге қол жеткізілді.
Конгресс аясында өткен II Ресей-Қазақстан форумы ерекше маңызға ие болды. Онда микология, инфекциялық патология, антимикотиктерге тұрақтылық және биологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған 11 баяндама ұсынылды. Форум екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастық пен академиялық серіктестікті нығайтудың маңызды алаңына айналды.
Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының оқытушылары мен докторанттарының осындай беделді халықаралық ғылыми алаңға қатысуы университеттің жоғары ғылыми әлеуетін айқындап, трансшекаралық зерттеулердің дамуына септігін тигізеді.