Астана медицина университетінде 1980 жылғы Целиноград мемлекеттік медицина институтының (ЦММИ) түлектерінің есте қаларлық кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Германия мен Ресейден жиналған 45 түлекті біріктірді.
Кездесу бағдарламасы екі мазмұнды күн мен жүрек тебірентерлік сәттерді қамтыды. Алғашқы күні қонақтар университеттің акт залында бас қосып, салтанатты кездесу өтті. Іс-шараға қатысқан құрметті оқытушыларға – В.А.Омарова, В.И.Люст, Б.Б.Барышев, сондай-ақ Е.А.Ямщикова мен Н.И.Навроцкая ерекше құрмет көрсетілді. Олардың қатысуы түлектер үшін үлкен сый болды – көпшілігі дәрістер мен тәжірибелерді, сондай-ақ оқытушылар бойына сіңірген адами қасиеттерді еске алды.
Реабилитология және спорттық медицина кафедрасының профессоры Виктор Ткачевтің айтуынша, 1980 жылы жалпы 341 түлек оқуын аяқтаған, олардың 10-ы үздік дипломмен бітірген.
Түлектер шынайы құрметпен әр студентке көмектесуге әрдайым дайын болған ұстаз – Владимир Четверкинді еске алды. Барлық студенттер оны «папа» деп атайтын. Ол туралы бейнежазба көрсетіліп, оның рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, өмірден өткен курстастарға арналған бейнеролик көрсетіліп, олардың да есімі үнсіздікпен еске алынды.
Салтанатты бөлімнен кейін қатысушылар университет тарихы музейін аралап, одан әрі Астана қаласы бойынша экскурсияға қатысты. Кешкісін өткен мерекелік дастарханда студенттік шақ туралы естеліктер, өмірлік оқиғалар, әндер мен алғыс сөздер айтылды. Келесі күні бұл әсерлі сәттер Есіл жағалауы мен саябақтағы серуенмен жалғасын тапты.
Бұл кездесу жай ғана мерейтойлық шара емес, шынайы достықтың, мамандыққа адалдықтың және университет дәстүрлеріне берілгендіктің мейрамына айналды. Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, alma mater-дің одан әрі дамуына шабыт береді.