2025 жылғы 26-28 маусым күндері Қазақстан астанасында медицина саласындағы аса маңызды оқиға – XI Еуразиялық радиологиялық конгресс өтті. Іс-шараны Қазақстандық радиологтар қоғамы, академик Жанғали Хамзабаев атындағы Радиология ғылыми-зерттеу институты және Астана медицина университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Форум өңірдегі ең ірі ғылыми алаңға айналып, 40 елден келген 1500-ден астам қатысушыны – жетекші радиологтар мен онкологтарды, халықаралық ұйымдардың (МАГАТЭ, ESR, AOSR) және жаһандық медициналық қауымдастықтардың өкілдерін біріктірді.
Қазақстандық радиологтар қоғамы мен Радиология ғылыми-зерттеу институты форумның ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар мазмұндық көшбасшысы ретінде 30-дан астам секция, шеберлік сабағы және стратегиялық панель өткізді.
Форумның басты тақырыптары:
▪️ Онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау
▪️ Радиологиядағы жасанды интеллект және үлкен деректер
▪️ Ядролық медицина: Орталық Азия үшін мүмкіндіктер
▪️ Жаңа буын радиологиялық білім беру жүйесі
Қазақстандық радиологтар қоғамының вице-президенті, профессор, PhD, м.ғ.д. Таирхан Даутовтың айтуынша, конгресс аясында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді:
- Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан, Ресей, Германия, Өзбекстан және басқа елдердің институттарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды;
- Ядролық қауіпсіздік және білім беру саласындағы халықаралық ұйымдармен байланыс нығайтылды;
- Қазақстанда телерадиология, білім беру бағдарламалары мен зерттеу инфрақұрылымын дамыту бойынша жол картасы айқындалды.
– «Қазақстандық радиологтар қоғамы мен Ж.Х.Хамзабаев атындағы Радиология ғылыми-зерттеу институты үшін форумды ұйымдастыру – Қазақстанның Еуразияда бірыңғай радиологиялық кеңістік қалыптастырудағы көшбасшылығын айғақтайтын оқиға. Біз білім, инновациялар мен болашақ стратегияларымен алмасуға арналған ашық алаң құра алғанымызға мақтанамыз», – деп атап өтті Таирхан Даутов.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға, спикерлерге, серіктестерге және қонақтарға көрсеткен сенімі мен халықаралық медициналық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.