Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ еліміздің жетекші академиялық және медициналық ұйымдарының басшылары бастаған Қазақстандық делегация Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жұмысына қатысты.
Сапар аясында Қазақстан өкілдері Bellevue клиникасы мен NYSIM симуляциялық оқыту орталығына (New York Simulation Center for the Health Sciences) барды. АҚШ-тың жетекші медициналық мекемелерінің басшылығымен кездесулер барысында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, тәжірибе алмасу және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Медициналық білім беру сапасын арттыру және мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру үшін маңызды болып табылатын медициналық кадрларды симуляциялық оқыту мен даярлаудың заманауи тәжірибелерімен танысуға ерекше назар аударылды.
Қазақстанның БҰҰ қолдауымен осындай жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысуы еліміздің халықаралық ынтымақтастыққа, әріптестік байланыстарды нығайтуға және жаһандық медициналық қоғамдастыққа интеграциялануға ашықтығын білдіреді. Бұл маңызды дипломатиялық қадам ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығының болашағына инвестиция.