2025 жылғы 14–28 қыркүйек аралығында «Астана медицина университеті» КеАҚ 8D05101 – «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша 3-курс докторанты Мұхлис Шолпан Ертайқызы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Нью-Йорк университеті Абу-Дабиде (NYU Abu Dhabi) ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама трансляциялық медициналық құрылғылар жөніндегі зерттеу орталығында (CENTMED), ассоицияланған профессор Рафаэль Сонгтың (Хирш индексі – 26) жетекшілігімен өтті.
CENTMED орталығы (Center for Translational Medical Devices) – метаболикалық, жүрек-қантамыр және нейродегенеративті ауруларды диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологияларын әзірлеу бағытында жұмыс істейтін ғалымдарды біріктіретін жетекші халықаралық ғылыми алаңдардың бірі. Орталықта регенеративті медицина, тіндік инженерия және жаңа буынды биосәйкестендірілген материалдарды жобалау бағыттарына ерекше назар аударылады.
Тағылымдама барысында Шолпан Мұхлис микрофлюидтер зертханасында зерттеу жұмыстарына қатысып, өсу факторларымен модификацияланған гидрогельдер негізінде жасушалық-инженерлік құрылымдар жасауға арналған заманауи әдістерді меңгерді. Эксперимент нәтижесінде алынған BMP-2 және гепаринмен толықтырылған гидрогель биомолекулаларды ұстап тұру мен мезенхималық бағаналы жасушалардың (MSCs) өміршеңдігін қамтамасыз етуде жоғары тиімділік көрсетті. Бұл жаңалық сүйек тінін регенерациялау саласында қолдануға зор мүмкіндік ашады.
«Бұл тағылымдама мен үшін кәсіби дамудың маңызды кезеңі ғана емес, сонымен қатар халықаралық озық тәжірибені меңгеруге, көпсалалы командада жұмыс істеуге және іргелі ғылымның практикалық шешімдерге қалай айналатынын көруге мүмкіндік берді. Алынған білім мен дағдыларды Қазақстанда жасушалық инженерия мен регенеративті медицинаны дамытуда қолдануды жоспарлап отырмын», — деді Шолпан Мұхлис, «Астана медицина университетінің» докторанты.
NYU Abu Dhabi университетіндегі тағылымдама докторанттың кәсіби дамуының маңызды кезеңі болды. Ол клеткалық инженерияның заманауи әдістерін меңгеріп қана қоймай, жетекші шетелдік зерттеушілермен әріптестік байланыс орнатып, Қазақстанда ғылыми ынтымақтастық пен инновациялық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.