КеАҚ «Астана медицина университеті» докторанты Назгул Сутимбекова III Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер форумында бірінші орынды иеленіп, өз зерттеуін жоғары ғылыми және тәжірибелік деңгейде қорғады. Сарапшылар зерттеу жұмысының өзектілігі мен ғылыми жаңалығын жоғары бағалады.
2025 жылдың 16–18 қазаны аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында өткен III Халықаралық форум ғылымға және білімнің дамуына үлес қосып жүрген талантты зерттеушілерді, жас ғалымдарды, студенттер мен оқытушыларды біріктірді.
«Биология» мамандығы бойынша білім алып жүрген Назгул Сутимбекова форумда «Көп бейінді ауруханада балалар мен ересектерден бөлінген Acinetobacter baumannii штаммдарының биологиялық ерекшеліктері» тақырыбында ғылыми жұмысын ұсынды. Зерттеу жұмысы өзектілігімен, ғылыми жаңашылдығымен және тәжірибелік маңыздылығымен ерекшеленді.
Зерттеу нәтижелері Acinetobacter baumannii госпитальдық штаммдарының төзімділік механизмдерін және таралу ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған. Бұл – ауруханаішілік инфекциялардың таралуын болдырмауда аса маңызды бағыттардың бірі.
«Бұл жеңіс – көп жылдық еңбектің, табандылық пен ғылымға деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Маған қолдау көрсетіп, ғылыми дамуға мүмкіндік берген университетіме алғыс айтамын», – деді Назгул Сутимбекова.
Форумға қатысумен қатар, докторанттың іссапары жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында ол «Микробиология және иммунология» пәні бойынша «Стоматология» және «Фармация» мамандықтарының 2-курс студенттеріне дәрістер мен тәжірибелік сабақтар циклін өткізді.
Сабақтар заманауи педагогикалық тәсілдер негізінде жүргізіліп, студенттердің сыни ойлауын, аналитикалық қабілеттерін және теориялық білімді тәжірибеде қолдану дағдыларын дамытуға бағытталды.
Бұл тәжірибе жас ғалымның кәсіби дамуы жолындағы маңызды кезең болды және қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Назгул Сутимбекованың жеңісі – Астана медицина университетінің мақтанышы және оның студенттерінің жоғары даярлық деңгейін дәлелдейді.