Дүниежүзілік антимикробтық төзімділікке қарсы күрес апталығы аясында 2025 жылдың 21 қараша күні «Астана медицина университеті» КеАҚ бас ғимаратында «Антимикробтық төзімділік – денсаулық сақтаудағы сын-тегеуріндер» атты халықаралық өкілдердің қатысуымен өтетін IV Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Бұл шараның мақсаты – антимикробтық төзімділіктің алдын алу және бақылау мәселелерін талқылау үшін ғалымдар, дәрігерлер, зертханалық қызмет мамандары мен оқытушыларды біріктіру. Антимикробтық төзімділік – ХХІ ғасырдағы қоғамдық денсаулық сақтауға төнген ең өзекті жаһандық қатерлердің бірі.
Конференция антимикробтық препараттарды ұтымды пайдалану, клиникалық микробиология, эпидемиология және зертханалық диагностика салаларындағы ғылыми деректер мен тәжірибе алмасуға арналған ашық алаң болады.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және басқа елдердің жетекші мамандары қатысады.
Конференцияны ұйымдастырушылар:
- «Астана медицина университеті» КеАҚ
Бірлесе ұйымдастырушылар:
- «Олимп» КДЗ
- «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК
- «Зертханалық медицина федерациясы» ҚБ
Конференция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) елдік кеңсесінің қолдауымен өткізіледі.
Конференция аясында келесі іс-шаралар жоспарланған:
- Отандық және шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен пленарлық отырыс;
- Үш секциялық отырыс, өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар мен пікірталастар;
- Білім алушылар мен жас ғалымдардың постерлік баяндамалар байқауы;
- Инновациялық зертханалық жабдықтар мен технологиялардың мамандандырылған көрмесі.
Сонымен қатар, конференцияның қарсаңында – 2025 жылғы 20 қараша күні, «Антимикробтық резистенттілік – XXI ғасырдың жаһандық мәселесі» атты жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында халықаралық өкілдердің қатысуымен студенттік олимпиада өтеді.
Олимпиаданың мақсаты – студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту, ғылыми белсенділігін арттыру және болашақ дәрігерлер арасында микробиология мен антимикробтық резистенттілік саласына қызығушылықты насихаттау.
Конференцияға қатысу үшін келесі сілтеме арқылы онлайн тіркеуден өту қажет: https://docs.google.com/spreadsheets/d/1e98TN-dsaHncFtiDLESnjq18gN8G0al759zMTTrpdB4/edit?usp=sharing
Конференцияның ұйымдастыру комитеті бұл іс-шара ғылыми қауымдастық пен денсаулық сақтау саласының мамандарының күш-жігерін біріктіретін маңызды алаңға айналатынына сенім білдіреді. Барлық мүдделі мамандарды, оқытушылар мен білім алушыларды белсенді қатысуға шақырамыз!