Астана медицина университеті алғаш рет университеттердің тұрақты даму бағытындағы жетістіктері мен қазіргі жаһандық сын-қатерлерге дайындығын бағалайтын беделді QS Sustainability 2026 халықаралық рейтингіне енді. Биылғы зерттеуде 108 елден 1 994 жоғары оқу орны қамтылған. Қазақстанды 23 университет таныстырды, олардың қатарында алғаш рет қатысқан жеті оқу орны бар, соның ішінде біздің университет те бар. АМУ 1501+ санатына енді, бұл университеттің халықаралық позициясын нығайтуда маңызды қадам болды.
Бағалау үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Экологиялық бағытта университет экологиялық тұрақтылық (35.5), экологиялық білім беру бастамалары (30.4) және табиғат қорғау тақырыбындағы зерттеулер (17.9) көрсеткіштері бойынша оң нәтижелер көрсетті. Бұл деректер «жасыл» жобалардың дамуын, ғылыми зерттеулерді және студенттер арасында экологиялық мәдениеттің қалыптасуын айқындайды.
Әлеуметтік бағыт та жоғары көрсеткіштерге ие болды: теңдік — 47.3, білім алмасу — 32.1, білімнің ықпалы — 16.8, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер — 23.6, денсаулық және әл-ауқат — 36.7. Бұл нәтижелер академиялық және мансаптық мүмкіндіктердің кеңеюін, серіктестіктердің нығаюын, инклюзивті ортаның дамуын және студенттердің өмір сүру сапасына ерекше назар аударылатынын көрсетеді.
Ең жарқын нәтижелердің бірі — басқару бағытындағы 74.8% көрсеткіші. Бұл жоғары нәтиже университеттің басқару жүйесінің тиімділігін, процестердің ашықтығын және ішкі жүйелердің тұрақтылығын дәлелдейді.
«Рейтингтің барлық негізгі бағыттары бойынша Астана медицина университеті тұрақты әрі бәсекеге қабілетті нәтижелер көрсетті. Бұл — тұрақты даму қағидаттарын енгізудегі жүйелі жұмыстың дәлелі. QS Sustainability 2026 рейтингіндегі алғашқы дебют университет үшін де, Қазақстанның медицина саласы үшін де маңызды кезең болды. Бұл жетістік — университет ұжымының мақсатты еңбегінің нәтижесі әрі заманауи, ашық және тұрақты халықаралық деңгейдегі университет құру жолындағы стратегиялық бағыттың растамасы», — деп атап өтті Стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Руслан Уримов.