Астана медицина университетінің докторанты APHRS/JHRS 2025 конгресінде зерттеуін ұсынды
Астана медицина университетінің докторанты APHRS/JHRS 2025 конгресінде зерттеуін ұсынды
APHRS/JHRS — Азия-Тынық мұхиты жүрек ырғағы қоғамы мен Жапон жүрек ырғағы қоғамының бірлескен бастамасы. Бұл жыл сайын өтетін конференция әлемнің жетекші ғалымдарын, клиницистерін және зерттеу орталықтарын біріктіретін маңызды ғылыми алаңға айналды. Мұнда жүрек ырғағы бұзылыстарын диагностикалау мен емдеудің болашағын айқындайтын озық технологиялар, инновациялық тәсілдер және ғылыми идеялар талқыланады.
Биылғы конгрестің қатысушыларының қатарында Елдана Абсаматова да болды. Ол Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Аян Сүлейменұлы Абдрахмановтың жетекшілігімен орындалған зерттеу материалдары бойынша ауызша баяндама жасады. Ғылыми жұмыс созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде COVID-19 инфекциясын өткерудің ұзақ мерзімді салдарын — тромбоэмболиялық асқынулардың, ырғақ бұзылыстарының және систолалық дисфункцияның үдеуі қаупін бағалауға арналған.
Зерттеудің жоғары ғылыми маңыздылығы халықаралық сарапшылар тарапынан атап өтілді: жұмыстың тезистері Q2 квартиліндегі Journal of Arrhythmia журналына жариялануға қабылданды. Бұл тақырыптың әлемдік ғылыми қауымдастық үшін өзекті екенін көрсетеді. Сонымен қатар, конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша APHRS/JHRS ұйымдастыру комитеті Елдана Абсаматоваға жас зерттеушіге арналған Travel Grant тағайындады. Оның жобасы конгрестегі үздік зерттеулердің бірі ретінде танылды — бұл автор үшін де, қазақстандық ғылыми мектеп үшін де маңызды жетістік.
Астана медицина университеті докторант Елдана Абсаматованы табысты баяндамасымен және халықаралық деңгейдегі елеулі жетістігімен құттықтайды. Университет ғылыми жетекшісі, профессор Аян Абдрахмановқа жас ғалымдарды қолдау мен мықты ғылыми мектеп қалыптастырудағы еңбегі үшін шынайы алғыс білдіреді.
APHRS/JHRS деңгейінде танылған зерттеу нәтижелері отандық ғылымның жоғары әлеуетін және Қазақстанның кардиология мен аритмология саласындағы халықаралық беделінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.