Астана Медицина университетінің Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институтының бас маманы Мулкат Елшенбек «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында халықаралық «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды.
Бұл стипендияны алу маңызды жетістік болып саналады және кәсіби дайындығының, ғылыми әлеуетінің және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің жоғары екенін растайды.
Мулкат Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Life Sciences and Medicine (Өмір ғылымдары мен медицина) бағытында әлемдік рейтингте 11-орынды иеленген King’s College London университетіне қабылданды. Тағылымдама барысында жетекші халықаралық ғылыми және білім беру орталығында оқып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады. Жеңімпаз таңдаған басым ғылыми бағыт – Өмір және денсаулық ғылымдары: медицина және денсаулық сақтау саласындағы озық зерттеулер, бұл жаңа әдістерді енгізуге, инновациялық тәсілдерді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге және білім беру мен ғылыми процестердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Аталған бағытты жүзеге асыру университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу процестеріне заманауи ғылыми тәсілдерді енгізуге үлес қосады.
Астана Медицина университетінің басшылығы мен ұжымы Елшенбек Мулкатты «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанғанымен құттықтап, тағылымдаманы сәтті өтуін, ғылыми қызметінде жемісті еңбек етуін және болашақтағы кәсіби жетістіктерге жетуін тілейді.