Астана Медицина университетінің Эпидемиология және биостатистика кафедрасының магистранты Дана Алдакуатова Жапонияның жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі - Цукуба университетінде тағылымдамадан сәтті өтті. Оқу SAKURA SCIENCE Exchange Program халықаралық академиялық тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Тағылымдама бағдарламасы Жапонияның денсаулық сақтау жүйесін заманауи ғылыми тәсілдер мен озық халықаралық тәжірибелер тұрғысынан зерделеуге бағытталды. Оқу барысында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы инновациялық технологиялар, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттары, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетудің ерекшеліктері және мектептік тамақтануды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Бағдарламаға қатысушылар қоғамдық денсаулық сақтау бойынша дәрістерге қатысып, Цукуба университетінің ауруханасында, соның ішінде инфекциялық аурулар бөлімшесінде, NipCA және Cyberdyne Studio кеңселерінде, Денсаулық сақтау қызметтерін зерттеу және дамыту орталығында, сондай-ақ «Iki Iki Plaza» медициналық-әлеуметтік мекемесінде болды. Тағылымдаманың тәжірибелік бөлігі жапондық әріптестердің тәжірибесімен танысып, кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның қорытынды кезеңінде қатысушылар өз жобаларын таныстырды. Тағылымдама нәтижесінде Алдакуатова Дана бағдарламаны табысты аяқтағаны үшін сертификатпен марапатталды.
Бағдарламаға қатысуын қорытындылай келе, магистрант ұйымдастырушыларға жоғары деңгейде дайындалған және өткізілген тағылымдама үшін алғысын білдіріп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен университеттер арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.