Академик Е. Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының Саламатты өмір салты орталығының қызметкерлері Астана медицина университеті базасында елорданың қарт тұрғындарына арналған ағартушылық кездесу өткізді. Іс-шара аясында қатысушыларға дәріс оқылып, жеке консультациялар берілді, сондай-ақ денсаулық жағдайына кешенді диагностика жасалды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Мамандар дұрыс тамақтану қағидаттары, жүрек-қантамыр және метаболикалық аурулардың алдын алу мәселелері туралы баяндап, артериялық қысым, қандағы глюкоза мен холестерин деңгейін тұрақты бақылаудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар экспресс-тексеруден өтіп, физикалық белсенділікті сақтау, өмір салтын түзету және егде жаста өмір сапасын қолдау бойынша жеке ұсынымдар алды.
Мұндай бастамалар профилактика мәдениетін қалыптастыруға және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Саламатты өмір салты орталығының басшысы Шахрух Нажимов егде жастағы денсаулықтың сақталуы көбіне тұрақты дене белсенділігіне, теңгерімді тамақтануға және медициналық көмекке дер кезінде жүгінуге байланысты екенін атап өтті.
Айта кету керек, белсенді ұзақ өмір сүру күнделікті қарапайым әдеттерден басталады, ал мамандардың профилактикалық жұмысы адамдарға осы таңдауды саналы түрде жасауға көмектеседі.