«Астана медицина университеті» КЕАҚ медициналық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда. Университетте Қазақстанның халықаралық даму агенттігі «KazAID» және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) қолдауымен жүзеге асырылатын «Avicenna: Healthcare» бағдарламасының ашылуы өтті.
Бағдарлама аясында университет Орталық Азияның жетекші медициналық жоғары оқу орындарынан келген «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасының 4-курсындағы 12 студентті қабылдады:
– Ош мемлекеттік университеті (Қырғыз Республикасы);
– Әбуәли ибни Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медицина университеті (Тәжікстан Республикасы).
Оқу процесі 2026 жылғы 2–22 сәуір аралығында университеттің клиникалық базаларында ұйымдастырылып, «Хирургиялық аурулар негіздері» және «Акушерлік және гинекология негіздері» пәндерін қамтиды.
Бағдарламаның мақсаты – білім алушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және медицина саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту. Бағдарлама шеңберінде тәжірибеге бағытталған оқытуға, тәжірибе алмасуға және үздік білім беру тәжірибелерін енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Аталған бастама «KazAID» және TIKA ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып, университеттің халықаралық серіктестікті дамытудағы стратегиялық бағытын айқындайды.
«Avicenna: Healthcare» бағдарламасын іске асыру «Астана медицина университеті» КЕАҚ-тың жаһандық академиялық кеңістікке интеграциялануға және өңірдегі жетекші білім беру ұйымдарымен тұрақты әріптестік орнатуға деген ұмтылысын растайды.