«Астана медицина университеті» КеАҚ пен Guangzhou Medical University арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында қазақстандық жоғары оқу орны делегациясының Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу қаласына жұмыс сапары өтті.
Екі университет арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келеді. Атап айтқанда, 2025 жылы Симуляциялық орталық базасында Guangzhou Medical University-мен бірлесіп урологиялық тренинг-орталық ашылды. Бұл орталық заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізуге, сондай-ақ мамандар арасында клиникалық тәжірибе алмасуға бағытталған.
Ағымдағы сапар барысында тараптар өзара іс-қимылдың келешек бағыттарын талқылады. Оның ішінде академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және клиникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қамтылды.
Озық тәжірибелермен танысу мақсатында делегация Guangzhou Kingmed Diagnostics диагностикалық орталығына, сондай-ақ Guangzhou Medical University жанындағы Бірінші аффилирленген ауруханаға барды.
Сапардың салтанатты қорытындысы ретінде «Астана медицина университеті» КеАҚ өкілдеріне құрметті академиялық атақтар табысталды. Guangzhou Medical University-дің шетелдік құрметті профессоры атағы Басқарма Төрағасы – Ректор Анар Турмухамбетоваға берілді, ал визитинг-профессор сертификаты урология және андрология кафедрасының меңгерушісі Ұланбек Жанбырбекұлына табысталды.
Жақын болашақта Guangzhou Medical University студенттері мен өкілдерінің келуі жоспарланып отыр. Бұл екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен тәжірибе алмасудың жаңа кезеңіне жол ашады.
Астана медицина университеті Гуанчжоу медицина университетімен ынтымақтастықты нығайтуда
Астана медицина университеті Гуанчжоу медицина университетімен ынтымақтастықты нығайтуда