2026 жылғы 21 мамырда Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігі Фармацевтикалық білім беру бағдарламалары ЖБТ бірлесуімен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында «Денсаулық сақтаудың тұрақты дамуы үшін фармация саласында кадрларды пәнаралық даярлаудың рөлі» тақырыбында Дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел «ANaMed Forum – New Generation 2026» халықаралық форумы аясында өткен «Фармациядағы цифрлық технологиялар: білім, ғылым және өндіріс интеграциясы» атты, Фармация мектебінің 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялық отырысына енгізілді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты: денсаулық сақтаудың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін медициналық білім беру сапасын арттыру, мамандардың кәсіби құзыреттерін жетілдіру және білім беру бағдарламаларының өзектілігін қамтамасыз ету мақсатында фармация саласындағы кадрларды пәнаралық даярлаудың негізгі мәселелері мен даму перспективаларын талқылау.
Пікірталас барысында С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «АКСАЙ» Республикалық балалар клиникалық ауруханасының, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығы, Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы дәрілік қамтамасыз ету құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы өз пікірлерімен бөлісті.
Талқылау барысында Алматы қаласы ҚДСБ «Жоғары медициналық колледжі», «Интердент» жоғары медициналық колледжі, Алматы облысы Талғар қаласындағы «Талғар жоғары медициналық колледжі», профессор Рузуддинов атындағы Жоғары медициналық-стоматологиялық колледжі, сондай-ақ жұмыс беруші өкілдері — «WORLDPERFECT» ЖШС және «Каусар Плюс» ЖШС де шалыс қалмай, белсенділік танытты.
Кадрлар даярлаудың өзекті мәселелерін шешу жөніндегі өз көзқарастарымен Астана медицина университеті, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Алматы технологиялық университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және Қазақстан-Ресей медицина университетінің фармацевтикалық пәндер өкілдері бөлісті.
Дөңгелек үстел медициналық және фармацевтикалық бағыттардың өзекті мәселелері бойынша озық идеялармен, үздік тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ пәнаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаңға айналды. Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі еңбек нарығы халықаралық стандарттарды, жұмыс берушілердің қажеттіліктерін және фармацевтикалық ғылымның инновациялық бағыттарының дамуын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартуды талап ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел қорытындыларын іске асыру жаңа буынның бәсекеге қабілетті мамандарын даярлауға, фармацевтикалық білім беру сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірілді.