Халықаралық тәжірибе және оңалтудың заманауи технологиялары: Астана медицина университеті Оңтүстік Корея мамандарының делегациясын қабылдады

Халықаралық тәжірибе және оңалтудың заманауи технологиялары: Астана медицина университеті Оңтүстік Корея мамандарының делегациясын қабылдады

Халықаралық тәжірибе және оңалтудың заманауи технологиялары: Астана медицина университеті Оңтүстік Корея мамандарының делегациясын қабылдады

Астана медицина университеті медициналық білім беру және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда. Маңызды оқиғалардың бірі ретінде университет басшылығының Оңтүстік Кореяның физикалық терапия, кинезитерапия, эрготерапия және медициналық оңалту саласындағы жетекші мамандар делегациясымен кездесуі өтті. Шетелдік әріптестердің сапары кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және академиялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылау алаңына айналды.

Делегация құрамына Тэгу денсаулық сақтау колледжінің (Daegu Health College) физикалық терапия кафедрасының профессорлары Ким Кёндон (Gyeongdon Kim), Ли Чжин Хван (Jinhwan Lee), Ли Чонхён (Jeonhyeong Lee), Тэгу денсаулық сақтау колледжінің эрготерапия кафедрасының профессоры Суджон Пак (Sujong Park), Гванджу денсаулық сақтау университетінің (Gwangju Health University) физикалық терапия кафедрасының профессоры Чон Дэ Ин (DaeIn Jung), сондай-ақ Тэджон денсаулық сақтау университетінің (Daejeon Health University) физикалық терапия кафедрасының профессоры Ли Янджин (Yangjin Lee) кірді. Олар заманауи оңалту медицинасы саласының танымал сарапшылары болып табылады.

Университет тарапынан кездесуге стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Аян Мысаев, академиялық жұмыс жөніндегі проректор Асем Досанова, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Касенова, реабилитология және спорттық медицина кафедрасының меңгерушісі Наталья Сливкина, мейіргер ісі мектебінің деканы Жұлдыз Жетмекова, сондай-ақ Физикалық медицина және реабилитация федерациясының өкілдері қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар «Кинезитерапия» және «Эрготерапия» бағыттары бойынша мамандар даярлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, visiting professor бағдарламасы аясында шетелдік сарапшыларды шақыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Халықаралық сапардың практикалық жалғасы ретінде реабилитология және спорттық медицина кафедрасының базасында «Статодинамикалық және когнитивтік бұзылыстары бар пациенттерді оңалтудағы кинезитерапия және эрготерапия» тақырыбында мастер-класстар сериясы ұйымдастырылды. Көлемі 40 сағат болатын білім беру бағдарламасы оқытушыларды, практикалық мамандарды және университет білім алушыларын біріктірді.

Мастер-класстар барысында оңтүстіккореялық профессорлар жұлын жарақаты, жұтыну бұзылыстары, тірек-қимыл аппараты аурулары және респираторлық бұзылыстары бар пациенттерді оңалтудың заманауи тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ жүруді талдау, тірек реакциясы және физикалық терапияның инновациялық әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар Оңтүстік Кореяның жетекші клиникаларында қолданылатын халықаралық тәжірибе мен қалпына келтіру емінің заманауи технологияларымен танысып қана қоймай, жеке оңалту бағдарламаларын әзірлеу бойынша практикалық дағдылар алды. Бағдарламаның маңызды бөлігі шетелдік және қазақстандық мамандар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу болды.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, мұндай халықаралық бастамалар білім беру үдерісін жетілдіруге, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне медициналық оңалтудың тиімді әдістерін енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кездесу мен білім беру іс-шаралары ашық кәсіби диалог атмосферасында өтіп, тараптардың ұзақ мерзімді халықаралық серіктестікті, академиялық ынтымақтастықты және оңалту медицинасы саласындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға ұмтылысын растады.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика