Астана медицина университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг жүргізу жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау (СЖТІТ) жүргізілді.
Талдау университеттің бірқатар құрылымдық бөлімшелерінің қызметін қамтыды. Олардың қатарында академиялық жұмыс, әлеуметтік-тәрбие жұмысы, ғылымды дамыту және адами ресурстар департаменттері, Үздіксіз кәсіби білім беру институты, Симуляциялық орталық, кітапхана, медицина, стоматология, педиатрия, мейіргер ісі, қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент мектептері, сондай-ақ басқа да бөлімшелер бар.
Тексеру 2025 жылғы 1 наурыз бен 2026 жылғы 15 мамыр аралығындағы кезеңді қамтыды. Жұмыс Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына, СЖТІТ жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға және өзге де нормативтік-құқықтық әрі ведомстволық құжаттарға сәйкес жүргізілді.
Талдау барысында университеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер, ішкі тексерулер мен аудиттердің нәтижелері, тәуекелдердің негізгі индикаторлары, қызметтік тергеп-тексеру материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар және басқа да мәліметтер зерделенді. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, талдау үдерісіне ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйелері» халықаралық стандартының талаптары енгізілді. Атап айтқанда, білім беру ортасындағы парақорлықтың алдын алу тетіктері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау шаралары қарастырылды.
Ішкі тексеру университет қызметінің әртүрлі деңгейлерін – білім беру процесін ұйымдастырудан бастап басқарушылық шешімдер жүйесіне дейін қамтыды. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша қолданыстағы басқару, ішкі бақылау тетіктеріне және халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуына оң баға берілді.
Талдау нәтижелері Астана медицина университетінде ашықтық, айқындық және сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылғанын растады. Университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, ішкі бақылау рәсімдері, тәуекелдерді бағалау тетіктері енгізілген, сондай-ақ білім алушылар, оқытушылар мен қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізу тәжірибесі қалыптасқан.
Сонымен қатар, талдау барысында бірқатар сәйкессіздіктер анықталып, олар бойынша жұмыс тобы қолданыстағы үдерістерді жетілдіруге бағытталған тиісті ұсынымдар берді.
СЖТІТ қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту, ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ университет қызметкерлері мен білім алушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту туралы шешім қабылданды.