Астанада Қазақстандық бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамының III халықаралық конгресі (KaSBariMeT-2026) аясында сарапшылар осы бағыттағы медициналық қызметті жетілдіруге арналған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 50 ұсыным әзірледі.
Құжат Қазақстан, АҚШ, Еуропа елдері, Жапония, Израиль, Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттердің жетекші мамандарының бірлескен талқылауының нәтижесі болды. Ұсынымдар семіздікке, қант диабетіне және басқа да метаболикалық бұзылыстары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға, хирургиялық емнің қауіпсіздігін арттыруға және түрлі бейіндегі дәрігерлер арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Конгресс қатысушыларының айтуынша, соңғы екі-үш жылда Қазақстанда бариатриялық операциялардың саны екі есеге жуық артқан. Соған сәйкес бірыңғай клиникалық стандарттарды енгізу және мамандандырылған қызметті одан әрі дамыту қажеттілігі артып отыр.
«Бүгінде бариатриялық және метаболикалық хирургия семіздікті ғана емес, қант диабеті мен басқа да метаболикалық бұзылыстарды да тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Бұл үшін хирургтердің, эндокринологтардың және өзге де бейіндегі дәрігерлердің тығыз ынтымақтастығы қажет», деді м.ғ.д., Астана медицина университетінің профессоры, «КОБиМХ» РҚБ президенті Орал Оспанов.