Астана медицина университеті Педиатрия мектебінің 5 курс студенті Адина Али академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Оңтүстік Корея Республикасының Сеул қаласындағы Korea University Anam Hospital ауруханасында клиникалық тәжірибеден өтті.
2026 жылғы 3–29 тамыз аралығында өткен тәжірибе барысында студент халықаралық медициналық ортада кәсіби білімін жетілдіріп, клиникалық тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Клиникалық тәжірибе кезеңінде Адина аурухананың жұмыс үдерісімен танысып, дәрігерлердің клиникалық қызметін бақылап, пациенттерді тексеру және емдеу үдерісінің ұйымдастырылуына назар аударды. Сонымен қатар, заманауи медициналық технологияларды қолдану ерекшеліктерімен танысып, клиникалық жағдайларды талдау арқылы теориялық білімін практикамен ұштастыруға мүмкіндік алды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу студентке тек кәсіби дағдыларын жетілдіруге ғана емес, басқа елдің денсаулық сақтау жүйесімен танысып, халықаралық тәжірибе алмасуға және медициналық білім берудің жаңа тәсілдерін зерделеуге жол ашты.
«Кореяда клиникалық тәжірибеден өту мен үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды. Халықаралық ортада жұмыс істеу барысында медициналық көмекті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерімен танысып, өз білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. Бұл тағылымдама болашақ дәрігер ретінде кәсіби көзқарасымды кеңейтіп, әрі қарай дамуыма үлкен мотивация берді», – дейді Адина Али.
Астана медицина университеті студенттердің халықаралық білім беру және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған академиялық ұтқырлық бағдарламаларына белсенді қатысуын қолдайды. Мұндай бағдарламалар студенттердің тәжірибелік білімін жетілдіріп, халықаралық медициналық қауымдастықпен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.