2026 жылғы 4–5 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан мен Орталық Азиядағы анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия саласындағы ірі бейінді іс-шаралардың бірі – «Қазақстан анестезиологтары мен реаниматологтары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің халықаралық қатысумен IX конгресі өтті.
Конгресс Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінен келген мыңнан астам маманды, сондай-ақ Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдерінің жетекші ғалымдары мен тәжірибелі дәрігерлерін біріктірді. Ғылыми бағдарлама аясында IX Қазақстан–Израиль симпозиумы, Дүниежүзілік анестезиологтар қоғамдары федерациясының (WFSA) сессиясы, педиатрия және неонатология бойынша тақырыптық секциялар, сондай-ақ шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Конгресс аясында Астана медицина университетінің анестезиология, қарқынды терапия және шұғыл көмек кафедрасының ассистенті, анестезиолог-реаниматолог дәрігер, постдокторант Асем Бекниязова баяндама жасады. Ол травматология және ортопедия бөлімдеріндегі гериатриялық пациенттерде виброакустикалық терапияны қолдану кезіндегі тыныс алу жеткіліксіздігін зерттеуге арналған «Жас ғалым» ғылыми жобасының аралық нәтижелерін таныстырды.
Халықаралық кәсіби алаңға қатысу зерттеу әдісінің ғылыми және практикалық аспектілерін жетекші мамандармен талқылауға, сондай-ақ одан әрі кәсіби және ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.
IX Конгреске қатысу «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеулердің өзектілігін және олардың пациенттерге көрсетілетін респираторлық көмекті жетілдірудің заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді тәсілдерін іздеуге бағытталғанын айғақтайды. «Жас ғалым» – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің жобасы.