Астанада алғашқы түлегі, академик Ерболат Дербісәліұлы Даленовтың 80 жылдығына және оны еске алу күніне арналған «Профилактикалық медицина - сапалы әрі салауатты ұзақ өмір сүрудің векторы: Конференция – 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Екі күн бойы университетте медицина қауымдастығын бүгін ерекше толғандыратын мәселелер талқыланды: ауруларды алғашқы белгілері пайда болғанға дейін қалай алдын алуға болады, егде жаста денсаулық пен белсенділікті қалай сақтауға болады және профилактика тәсілдерін өзгертуге қандай ғылыми және цифрлық технологиялар қабілетті.
Конференцияны аша отырып, Медициналық университет Астана ректоры Анар Тұрмұхамбетова академик Е.Д.Даленовтың ғылыми мұрасының маңыздылығына және оның идеяларын қазіргі жағдайда дамыту қажеттілігіне тоқталды. Конференция жұмысына сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстан Республикасындағы елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла және ДДСҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова қатысты.
Конференция бағдарламасында академиктің әріптестері, серіктестері мен достарының естеліктеріне ерекше орын берілді. Олардың сөздері ғалымның есіміне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге ол қалыптастырған ғылыми мектепке және бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отырған профилактикалық медицина қағидаттарына қайта үңілуге мүмкіндік берді.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі профилактикалық медицинаны дамыту болды. Пленарлық отырыс қоғамдық денсаулық сақтау мен геномикадан бастап нутрициологияға, еңбек гигиенасына және адам денсаулығын цифрлық мониторингілеуге дейінгі әртүрлі бағыттарда жұмыс істейтін мамандардың басын қосты.
Академик Даленов мектебінің жетістіктері мен дәстүрлері, сондай-ақ профилактикалық медицинаның жаңа көкжиектері туралы академик Е.Д.Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Айгүл Абдулдаева баяндады.
Талқылау барысында халықтың қартаюы, егде жаста денсаулық пен әл-ауқатты сақтаудың маңыздылығы, геномиканың және персоналдандырылған тәсілдің мүмкіндіктері, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі, денсаулық жағдайын бақылаудың заманауи технологиялары секілді қазіргі заманғы сын-қатерлерге де назар аударылды.
Өмір ұзақтығы тек адамның қанша жыл өмір сүретінімен емес, ең алдымен сол жылдардың сапасымен өлшенетініне ерекше мән берілді. Сондықтан конференция аясында дене белсенділігі, тамақтану, қауіп факторларын басқару, жасқа байланысты өзгерістердің алдын алу және адамның функционалдық мүмкіндіктерін сақтау мәселелері талқыланды.
Заманауи профилактикалық медицина әмбебап ұсынымдардан біртіндеп алшақтап келеді. Бүгінде онда персоналдандырылған технологиялар, геномика, жасанды интеллект, тағылатын құрылғылар және предиктивті аналитика барған сайын маңызды орын алуда.
Бұл мәселелер конференцияға қатысушылардың жекелеген баяндамаларына арқау болды. Сарапшылар функционалдық резервті болжау, спорттық медицинада мультимодальды жасанды интеллектті қолдану, клиникалық тұрғыдан маңызды симптомдарды қашықтан мониторингілеу, сондай-ақ персоналдандырылған профилактикада тағылатын құрылғыларды пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.
Ғылыми күн тәртібінің маңызды бөлігі тамақтану және метаболикалық денсаулық мәселелеріне арналды. Қатысушылар нутритивтік қолдаудың рөлін, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін, микробиомды, метаболикалық қауіп факторларын және нутрициологиядағы заманауи тәсілдерді қарастырды.
Конференцияның ерекшелігі - профилактикаға кең ауқымды көзқарас қалыптастыруында. Негізгі назар тек егде жастағы адамдарда кездесетін ауруларға ғана емес, адамның бүкіл өмірі бойы денсаулығын қалыптастыратын факторларға аударылды.
Мамандар ерте балалық шақтағы метаболикалық және мінез-құлықтық бағдарламалау, мектептегі тамақтану, кәсіби стресс, еңбек ететін халықтың денсаулығы, жүрек-қан тамырлары ауруларының, жатыр мойны обырының және басқа да аурулардың алдын алу мәселелері туралы сөз қозғады.
Жекелеген баяндамалар гериатрия мәселелеріне арналды: қарттық астениясының алдын алу, физикалық және когнитивтік функцияларды сақтау, оңалту, егде жастағы адамдардың тамақтануы және гериатриялық көмекті дамыту. Талқылау барысында халықаралық тәжірибе, атап айтқанда, геронтология саласындағы ресейлік мамандардың тәсілдері де ұсынылды.
Осылайша, конференцияда салауатты ұзақ өмір сүру ұғымы кешенді тұрғыда қарастырылды - тамақтану мен дене белсенділігінен бастап психоәлеуметтік ортаға, цифрлық технологияларға және қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға дейін.
Конференцияның халықаралық форматы Қазақстанның медициналық және ғылыми ұйымдарының өкілдерін шетелдік әріптестерімен біріктіруге мүмкіндік берді. Бағдарламаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Codex Alimentarius ұлттық орталығының, Назарбаев Университетінің, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, Ұлттық ғылыми онкология орталығының, Қазақ тағамтану академиясының, Қазақстанның медициналық университеттерінің, соның ішінде Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінің (Мәскеу) ФДПО өкілдері, Ресей геронтологиялық ғылыми-клиникалық орталығының және басқа да ұйымдардың мамандары қатысты.
Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының Жұқпалы аурулар, қоршаған орта және денсаулық департаментінің директоры, ДДСҰ-ның климат және денсаулық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Робб Батлердің қонақ дәрісі болды. Оның баяндамасы денсаулық сақтау саласындағы жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге және мінез-құлық ғылымдарына кіріспеге арналды. Дәріс тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Қанық ғылыми бағдарламаның қорытындысы ретінде қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің, ғылым, медицина және сарапшылық қоғамдастық өкілдерін біріктірген «Пікір көшбасшыларының панельдік пікірталасы: салауатты ұзақ өмір сүрудің жаңа шешімдері» атты ашық пікірталас өтті.
Конференция академик Ерболат Даленовтың есімін ұлықтауға арналған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болды. Оның аясында Поэзия және сөз өнері күні, «Ұстаздар кубогы» шахмат турнирі, «Салауатты өмір 10 секундта» атты 2D-анимациялық роликтер байқауы, сондай-ақ заманауи нутрициология және білім мен ғылымдағы жасанды интеллект бойынша шеберлік сабақтары өтті.
Академиктің ғылыми мұрасы зерттеулер мен жарияланымдарда ғана емес, оның шәкірттерінде, жаңа ғылыми жобаларда, білім беру бастамаларында және кәсіби диалогта да жалғасын тауып келеді.
Бүгінде профилактикалық медицина жаңа мазмұнға ие болуда. Ол іргелі ғылым мен цифрлық технологиялар, қоғамдық денсаулық сақтау мен персоналдандырылған медицина, зерттеулер мен практикалық шешімдер тоғысатын кеңістікке айналып келеді.
Осы бағыттардың барлығын біріктіретін негізгі сұрақ өзгеріссіз қалады: адамның ертең де дені сау болып қалуы үшін медицина бүгін не істей алады?
Дәл осы сұраққа жауап іздеу «Профилактикалық медицина - сапалы әрі салауатты ұзақ өмір сүрудің векторы» конференциясының басты қорытындыларының біріне айналды.