2026 жылғы 4 қарашада Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері «Электродсыз кардиостимуляция технологиялары» атты шеберлік сабағы қамтылған халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара Қырғыз Республикасындағы академик М. Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығында өтіп, Қырғызстан, Франция және Қазақстан мамандарының басын қосты.
Институт директоры А. С. Абдрахманов құттықтау сөз сөйлеп, жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеудің заманауи әдістерін клиникалық тәжірибеге енгізуде мамандар арасындағы тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Конференцияның арнайы қонағы Париж-Сите университетінің профессоры, Жорж Помпиду атындағы Еуропалық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі Элуа Марийон (Éloi Marijon) болды.
Қатысушылар жүрек ырғағының бұзылыстарын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, клиникалық ұсынымдарды және электродсыз кардиостимуляторларды қолдану перспективаларын талқылады. Шеберлік сабағында мамандар Abbott компаниясының Aveir™ VR және Aveir™ DR жүйелерін имплантациялау ерекшеліктерін қарастырып, олардың қолданылуын клиникалық жағдайлар мысалында талқылады.