2026 жылғы 21 қарашада «Антимикробтық резистенттілік — денсаулық сақтау саласындағы сын-қатерлер» атты V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар медициналық микология саласындағы жетекші мамандардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Софья Николаевна Хостелидидің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алды.
И. И. Мечников атындағы Солтүстік-Батыс мемлекеттік медицина университетінің клиникалық микология, аллергология және иммунология кафедрасының профессоры (Санкт-Петербург, Ресей) саңырауқұлақ инфекцияларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған шеберлік сабағын өткізді.
Онымен бірге тыңдаушылар алдында медицина ғылымдарының докторы, Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің Ш. И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының профессоры Марат Утеуұлы Дусмағамбетов сөз сөйледі.
Шеберлік сабағына 50 маман қатысты. Олардың қатарында бактериолог дәрігерлер, клиникалық зертханалық диагностика мамандары, Қазақстанның әр өңірінен келген жетекші микробиологтер, клиницист дәрігерлер және бейінді кафедралардың оқытушылары болды.
Кездесудің басты тақырыбы — ауыр жағдайдағы пациенттерде инвазиялық микоздарды диагностикалау мәселесі. Саңырауқұлақ инфекциялары көбіне бактериялық аурулар мен басқа да асқынуларға ұқсас белгілермен көрінетіндіктен, оларды дер кезінде анықтау қиынға соғады.
Профессор Софья Хостелиди нақты клиникалық мысалдар арқылы қауіп факторларын, симптомдарды, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелерін кезең-кезеңімен бағалау жолдарын көрсетті. Қатысушылар дифференциалды диагностика критерийлерін талдап, клиникалық практикадағы маңызды мәселені — саңырауқұлақтармен колонизацияны қауіпті инвазиялық инфекциядан қалай ажыратуға болатынын талқылады.
Инвазиялық микозға күдік туындаған кезде жүргізілетін қан зерттеулерін талдау қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Спикер зерттеу нәтижелерін жеке қарастыруға болмайтынын және оларды интерпретациялау болжамды қоздырғышқа, инфекцияның орналасуына және пациенттің жалпы жағдайына байланысты екенін түсіндірді.
Профессор Марат Дусмағамбетов диагностикалық stewardship қағидаттарын таныстырды. Ол микробиологиялық зерттеулерді дұрыс таңдау, зертханалық деректердің ақпараттық құндылығын арттыру және клиницист пен зертхана арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қою тәсілдері туралы айтты. Қатысушылар дәл диагностиканың антибиотиктерді негізсіз қолдануды азайтуға және оңтайлы антимикробтық терапияны таңдауға қалай көмектесетінін де талқылады.