Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінде заманауи хирургия мәселелеріне арналған конференция өтті. Ғылыми секцияда 13 баяндама ұсынылды. Қатысушылар хирург емдеу тактикасын таңдаған кезде туындайтын сұрақтарды талқылады. Аурудың ауыр түрін операцияға дейін қалай анықтауға болады? Асқыну қаупін қалай бағалауға және әр клиникалық жағдайдың ерекшеліктерін қалай ескеруге болады?
Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі бауыр және өт жолдары хирургиясы болды. Қатысушылар бауыр абсцестерін хирургиялық жолмен емдеуді және операцияны жоспарлау кезінде өт өзектері мен қан тамырларының анатомиялық ерекшеліктерін ескерудің маңызын қарастырды. Жедел холециститтің деструктивті түріне операцияға дейін күдіктенуге мүмкіндік беретін ультрадыбыстық зерттеу деректері мен зертханалық көрсеткіштерге ерекше назар аударылды. Шұғыл хирургияда Мириззи синдромын диагностикалау және емдеу мәселелері нақты клиникалық жағдай мысалында талқыланды.
Тағы бір бағыт шұғыл жағдайларда ем нәтижесін болжауға арналды. Тоқ ішек обыры салдарынан ішек өтімсіздігі дамыған 91 шұғыл жағдайды талдау негізінде өлім қаупімен байланысты факторлар қарастырылды. Келесі баяндамада ойық жарадан қайта қан кету ықтималдығын бағалау үшін машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану мәселесі көтерілді. Екі зерттеу де қолайсыз нәтиже қаупі жоғары пациенттерді анықтауға қандай клиникалық деректер көмектеседі деген сұраққа арналды.
Хирургиялық тактиканы таңдау мәселесін талқылау барысында қатысушылар «жаңғақ шаққыш» синдромы кезінде ашық операция жасау және ересек пациенттерге перитонеалдық диализге арналған катетерді лапароскопиялық әдіспен орнату тәжірибесін ұсынды. Порталдық гипертензияның асқынуларын емдеу мүмкіндіктері трансъюгулярлық бауырішілік портожүйелік шунттау (TIPS) әдісі мысалында қарастырылды.
Ғылыми пікірталастың тағы бір бағыты іріңді-қабыну ауруларын емдеу болды. Қатысушылар қатар жүретін аурулары бар пациенттердегі тілменің ауыр түрлерін, мықын-бел бұлшықеті абсцесін емдеу тәсілдерін және диабеттік табан синдромын кешенді емдеуде модификацияланған целлюлоза негізіндегі сорбентті қолдану тәжірибесін талқылады.
Ғылыми бағдарламаның соңғы баяндамасы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне арналды. Қатысушыларға кәсіби міндеттерін атқару кезінде қанмен кездейсоқ жанасқан жағдайда АИТВ мен вирустық гепатиттерді жұқтырудың алдын алуға арналған цифрлық алгоритм таныстырылды. Конференция жалпы пікірталаспен аяқталды. Қатысушылар баяндамашыларға ұсынылған зерттеулер мен клиникалық бақылаулар бойынша сұрақтар қойды.Sharmanov University conference explores diagnosis, treatment and the prediction of complications in surgery