Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанаты "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында өтті.
«Жалпы медицина», «Стоматология» мамандықтары бойынша интернатура және «Жалпы медицина», «Стоматология», «Фармация», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейірбике ісі» мамандықтары бойынша бакалавриат пен «Жалпы медицина» мен «Стоматология» мамандықтарын оқыған шетел студенттері бүгін дипломдарын алды.
Іс-шараны ашқан басқарма төрағасы – ректор Қамалжан Надыров құттықтау сөзінде бұл университет үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. «Бүгін біздің университет пен студенттердің ата-аналарының мерекесі ғана емес, бұл бүкіл жоғары білім беру жүйесінің мерекесі. Денсаулық сақтау саласы ұлт денсаулығы жолында шығармашылық және заманауи көзқарасты жүзеге асыра алатын жаңа, жас кадрлармен толықты. Есіңізде болсын, диплом табыстың кепілі емес. Сіздер жауапкершілі мол қызметті қиын, бірақ өте қызықты уақытта бастайын деп тұрсыздар. Әлем жаһандануда, шекаралар жойылуда, емдеуді диагностикалаудың жаңа технологиялары үлкен жылдамдықпен енгізілуде, сондықтан әрқашан сұранысқа ие болып, білімдеріңізді өмір бойы жетілдіріп, біліктіліктеріңізді үнемі шыңдап отыруларыңыз маңызды. Абыройлы болыңыздар, халаттарыңыздың ақтығын сақтаңыздар!», - деп түлектерге сөзін арнады.
1964 жылдан бастап 26 мыңнан астам студент шығарылды. Бүгінгі таңда олардың көпшілігі елде де, шетелде де танымал мамандар.
Алғашқы жылдары университетте он үш кафедра, он бес оқытушы ғана жұмыс істеген болатын.
Бүгінде университет құрамында 64 кафедра, екі ғылыми-зерттеу институты, 17 зертхана бар. Студенттер елорданың барлық жетекші клиникаларында шеберліктерін шыңдайды. Академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен оқытушыларға әлемнің үздік жоғары оқу орындары мен клиникалары қолжетімді. Университетте бір жарым мыңнан астам адам еңбек етеді және шамамен 10.000 студент оқиды, олардың арасында 20 жақын және алыс шетел өкілдері бар.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов түлектерге арнаған сөзінде еліміздің денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бірқатар жетістіктерін, сондай-ақ университет студенттерінің пандемиямен күреске қатысуын атап өтті. "Қызыл диплом алу үшін қаншалықты тер төгілгенін білемін. Медицина мамандығын меңгеру қиын. Бүкіл ел COVID-19 пандемиясына қарсы тұрған кезде, сендер жастарыңа қарамай, вируспен күресуге аға толқынмен қатар ат салыстыңдар. Оқуды сәтті аяқтағандарыңа өте қуаныштымын", - деп атап өтті ол.
ЖОО-ның 300-ден астам студенті еріктілер болып, стационарлардың қызыл аймақтарында, азаматтар көп жиналатын ең үлкен орындардағы жедел жәрдем станцияларында-әуежайлар мен вокзалдарда еңбек етті. Пандемиямен күресте ерекше көзге түскен ЖОО-ның 20 студенті Президент Жарлығымен "Халық алғысы" мемлекеттік медалімен марапатталды.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің құттықтау сөзінде елорданың жоғары білікті медицина мамандарына қажеттілігі туралы айтып берді. "Жыл сайын елорданың медициналық мекемелері заманауи диагностикалық техникамен жабдықталады, біз елорданың әрбір тұрғыны жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Елордада 21 мыңнан астам медициналық ұйым жұмыс істейді, онда 5 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді. Еліміздің үздік медициналық жоғары оқу орындарының бірінің әрбір төртінші студенті Нұр-Сұлтан қаласында қалатынына қуаныштымын, сіздер елордамыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналатындарыңызға сенімдімін.
Бәсекеге қабілетті медициналық мамандарды даярлауда университеттің маңызды рөлін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник те атап өтті. Ол өз өміріндегі мысалмен бөлісті: "Мен медициналық диплом алған кезде, жұмыс орындарында қазіргідей заманауи жабдықтар мен озық технологиялар болған жоқ. Сізгдерге еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде білім алу сәті түсті. Университеттің қарқынды дамуы еліміздің адами капиталының өсуіне ықпал етіп, отандық денсаулық сақтау саласын әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді ол өзінің құттықтау сөзінде.
Салтанатты іс-шара барысында театр ұжымына да жылы лебіздер, алғыстар айтылды. Бүгін "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры алғаш рет ЖОО түлектеріне диплом тапсыру рәсімін өткізеді. Диплом тапсыру салтанатты рәсімі аясында салтанатты шараға қатысушылар Астана Операның шығармашылық ұжымының орындауындағы тамаша концерттік бағдарлама ұсынылды. Театр басшылығының айтуынша, бүгінгі концерттік қойылымдар-Астана Опера ұжымының еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне деген құрметі!
Университет ректоры Камалжан Надыров және барлық құрметті қонақтар Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының өкілдері, денсаулық сақтау министрлігінің, Жоғары білім және ғылым министрлігінің, медициналық жоғары оқу орындары мен емдеу мекемелерінің басшылары, барлығы құттықтау сөздерінде ата-аналар мен профессорлық-оқытушылық құрамының рөлін атап өтті, университетке жетістіктер, түлектерге табыстар тіледі.
Рәсім барысында түлектер өздерінің Alma mater атына алғыстарын жолдады.
Мерекенің елеулі сәттерінің бірі түлектер қабылдаған Дәрігер анты болды.
Мереке қошаметпен және шынайы тілектермен көмкерілді.
Кеш соңы фотосессиямен және түлектердің бас киімін әуеге лақтырумен аяқталды.