Университетіміздің стратегиялық даму жоспарына сәйкес, ғылыми жұмыс пен халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру мақсатымен, А.Б. Аубакиров атындағы адам анатомия кафедрасының қызметкері - профессор Жаналиева Марина Кубеновна 2024 жылдың 3-8 қыркүйегі аралығында Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен IFAA Халықаралық анатомиялық қауымдастықтар федерациясының 21-ші Конгрессіне қатысу үшін іссапарға аттанды. IFAA Конгресі – барлық континенттер ғалымдарының қатысуымен әр бес жыл сайын әртүрлі елдерде өтетін морфология ғылымдарының ең ірі ғылыми іс-шарасы.
IFAA 21-ші Конгресінде Марина Кубеновна Жаналиева Қазақстан Республикасы атынан сәтті қатысып, тындаушыларды А.Б. Аубакиров атындағы адам анатомия кафедрасының қызметкерлерінің қуыс ағзаларының иммундық жүйесін зерттеу туралы 2 ғылыми жұмысымен таныстырды. IFAA 2024 конгресінің тезистері Scopus дерекқорына енгізілген Anatomy & Cell Biology журналында жарияланды. Конгресске қатысу барысында университеттің оқу және ғылыми жұмысы, ғылыми-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша алыс және жақын шетелдердің жетекші морфологтарымен одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.