2025 жыл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен біліктілікті арттыру жылы деп жарияланды. Іс-шараларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) мамандарына, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамына арналған тиісті оқыту сабақтары ұйымдастырылуда.
Осындай семинарлардың бірі Астана медицина университетінің құрылымдық бөлімше басшыларына, кафедра меңгерушілеріне және оқытушыларына өткізілді. Лектор ретінде халықаралық сарапшы, экономика ғылымдарының докторы, Astana IT University бірінші проректоры Серік Өмірбаев сөз сөйледі. Ол білім сапасын басқару, жоғары білімді реформалау және жоғары оқу орындары қызметінің тиімділігін бағалаудың заманауи модельдерін енгізу салаларында танылған маман ретінде белгілі.
Сертификаттық семинар аясында қатысушылар дәрістермен қатар практикалық тапсырмаларды да орындады.
Оқыту барысында келесі маңызды тақырыптар қарастырылды: ішкі сапа жүйесі неден тұрады; сапаны бағалауды басқару және университеттің стратегиялық жоспарлауымен қалай байланыстыру керек; ішкі стандарттар мен сапаны бақылау ережелерін қалай әзірлеу керек; аккредитация мен сыртқы тексерулерге қалай дайындалу қажет.
Семинар тыңдаушылары оқу бағдарламаларының сапасына қатысты ішкі есептерді ұлттық және халықаралық талаптарға сәйкес етіп қалай дұрыс әзірлеу керектігін талқылады. Сондай-ақ оқу курстарын жетілдіру, оқыту тиімділігін бағалау және сыртқы аудиторлармен өзара іс-қимыл жасау бойынша нақты кейстер қарастырылды.
Шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне ерекше назар аударылды – басқа елдерде сапаны бақылау процестері қалай ұйымдастырылатыны және бұл тәжірибені елімізде қалай қолдануға болатыны талқыланды.
Семинар қорытындысы бойынша университеттің 80-нен астам қызметкері сертификат алды. Ал алынған құнды білім мен практикалық құралдар олар үшін университетте білім сапасын арттыру жолындағы күнделікті жұмысында пайдалы болады.
Астана медицина университетінің басшылығы жоғары білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар аясында аса маңызды және кәсіби деңгейде өткізілген оқыту үшін Серік Өмірбаевқа алғыс білдіреді.