Қарағанды медицина университетінің базасында университеттің 75 жылдық мерейтойы мен Халықаралық мұздықтарды сақтау жылға арналған «МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ 4.0: ЖАҺАНДЫҚ ҮРДІСТЕР МЕН ЖЕРГІЛІКТІ ШЕШІМДЕР» атты VI Орталық Азия халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференция Астана медицина университетінің неврология кафедрасында жүзеге асырылған пилоттық жобаның нәтижелерін ұсыну үшін бірегей алаңға айналды.
«Ересектер мен балалар неврологиясы» мамандығы бойынша 2-курс резиденті Қанат Сейілхан мен неврология кафедрасының медицина ғылымдарының докторы, профессоры Майра Әбдірахманова өз баяндамаларында білім беру үдерісіне жасанды интеллектті енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Постерлік баяндама кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Есжанованың ғылыми жетекшілігімен және кафедраның тәжірибелі мамандарының қатысуымен дайындалды.
Спикерлер ерекше жобаның «Хай Кидс» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өтті. Жобаның негізгі мақсаты – клиникалық тәжірибелік дағдыларды дамытуға бағытталған цифрлық технологияларды енгізу арқылы резиденттерді даярлау үдерісін жаңғырту болды.
Hi Doctor – бұл виртуалды пациенттерді қолдана отырып, клиникалық сұхбат пен физикалық тексеруді модельдейтін интеллектуалды оқыту платформасы. Пилоттық кезеңге 2-курс оқитын 14 резидент қатысып, интерактивті сессия форматында аралық бақылаудан өтті.
Қатысушылардың мықты тұстары ретінде анамнез жинаудың жүйелілігі, зертханалық және МРТ деректерін дәл интерпретациялау, сондай-ақ қисынды клиникалық ойлау атап өтілді.
Сонымен қатар, жетілдіруді қажет ететін бағыттар да анықталды: дифференциалды диагностикадағы қиындықтар, диагноздарды толық тұжырымдай алмау, емдеу жоспарларының жеткіліксіз нақтылануы.
Ұсынылған нәтижелер конференция қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды – әсіресе медициналық білім беруге жасанды интеллектті енгізу аясында. Платформаның интерактивтілігі мен жекелеген кері байланыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Баяндама Hi Doctor платформасын қолданудың практикалық нәтижелерін көрсетіп, оның артықшылықтары мен болашақтағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, конференцияға қатысу тәжірибе алмасуға және осындай шешімдерді басқа оқу орындарына енгізу перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
Осылайша, ұсынылған жұмыс медициналық білім беруді жаңғыртуға деген ұмтылысты көрсетіп, неврология саласы бойынша болашақ мамандарды даярлауда жүйелі көзқарастың маңыздылығын айқындады.