Астана медицина университетінде студенттік дебаттар өтті

Астана медицина университетінде студенттік дебаттар өтті

Астана медицина университетінде студенттік дебаттар өтті

Астана медицина университетінде «Генетикалық модификацияланған организмдер (ГМО) және қоғам: ғылыми көзқарас пен қоғамдық пікірталас» тақырыбында мазмұнды әрі қызықты студенттік дебаттар өтті. Интеллектуалдық кездесу 26 ақпанда Ш.И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасында ұйымдастырылып, университеттің Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында өткізілді.

Іс-шара барысында қазіргі ғылымдағы ең көп талқыланатын мәселелердің бірі - генетикалық модификацияланған организмдердің адам денсаулығына, экологияға және қоғамға әсері талқыланды. «Медициналық-профилактикалық іс» және «Қоғамдық денсаулық және менеджмент» білім беру бағдарламаларының екінші курс студенттері ғылыми дәлелдер келтіріп, өзара пікір алмасты және ғылыми жетістіктер мен қоғамдық күтілімдер арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысты.

Дебаттар үш кезеңнен өтіп, нағыз зерттеу жұмысына айналды. Алдымен қатысушылар қоғамның ГМО-ға деген көзқарасын анықтау үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Кейін алынған мәліметтер негізінде презентациялар мен ғылыми баяндамалар дайындады. Соңғы кезеңде қызу пікірталас жүргізіліп, студенттер өз пікірлерін қорғап, деректерді талдай отырып, ГМО-ның адамзат болашағына ықпалының түрлі ықтимал нұсқаларын қарастырды.

Іс-шара сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын - «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Сапалы білім» және «Жауапты тұтыну мен өндірісті» насихаттауға бағытталды.

Іс-шараны кафедраның аға оқытушылары, магистрлер Мадина Ботбаева мен Назгүл Сутимбекова ұйымдастырды. Қатысушылардың жұмыстарын медицина ғылымдарының кандидаттары мен университет оқытушыларынан құралған сарапшылар комиссиясы бағалады.

Интеллектуалдық сайыстың қорытындысы бойынша «GENIOS» командасы жеңіске жетті, «BIOBALANS» командасы II дәрежелі дипломға ие болды, ал «SANA QUEENS» және «ГИППОКРАТ» командалары III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Студенттік дебаттар тек идеялар сайысы ғана емес, ғылыми ойлауды қалыптастыратын, дәлелді пікір айту мәдениетін дамытатын және қазіргі заманның өзекті мәселелеріне шешім іздейтін маңызды алаңға айналды. Осындай пікірталастарда ғылым мен қоғамның күрделі сұрақтарына жауап бере алатын жаңа буын мамандары қалыптасады.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика